Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Тоқаев Алматы әкіміне LRT мен SkyTrain жүйелерін тезірек іске қосуды тапсырды

Фото: Ақорда

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Алматы қаласының әкімі Дархан Сатыбалдыны қабылдап, қаладағы әлеуметтік-экономикалық жағдай мен даму басымдықтарын сұрады. Тоқаев Алматыда LRT және SkyTrain жүйелерін жедел іске қосуды тапсырды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Дархан Сатыбалдының айтуынша, Алматы экономикасы оң динамика көрсетіп отыр: 2025 жылы өсім 6,5%-ды құрады. Ал биыл қаңтар–ақпан айларында қысқа мерзімді экономикалық индикатор 9,4%-ға жетті. Экономикалық өсімге өнеркәсіп, құрылыс, көлік және сауда салаларының қосқан үлесі ең үлкен. Қала инвестициялық портфелі 2,8 триллион теңгеден асты.

"Алматы" индустриялық аймағы мен "Алатау" арнайы экономикалық аймағы жаңа жобаларды тарту үшін кеңейтіліп жатыр. Алматы IT саласында елдің көшбасшысы болып отыр. Цифрландыру аясында Almaty AI Park құрылып, жасанды интеллект арқылы бейнемониторинг пен талдау жүйелері дамуда", – делінген Ақорда хабарламасында. 

Сондай-ақ туризм мен тау кластерін дамыту жалғасуда. Биыл Шымбұлақты жаңғырту және көрші шатқалдарды игеру жұмыстары басталады. Жобалар 2029 жылғы қысқы Азия ойындарына дайындықпен үйлестіріліп отыр. Сонымен қатар, қонақүй инфрақұрылымы кеңейтілуде. Бас жоспарды түзету аяқталуға жақын. Онда қала ішіндегі орталық моделін дамыту және тау бөктеріндегі аумақта құрылысқа шектеу енгізу көзделген.



“Қоғамдық көлікті дамыту негізгі басымдыққа ие: BRT желісі кеңейтіліп, метро салынып, жаңа көлік шешімдері пысықталуда. Инженерлік инфрақұрылым мен сумен жабдықтау жүйесі жаңартылуда. Экологияға ерекше көңіл бөлініп, жылу көздері жаңартылып, шығарындылар азайтылуда”, – делінген хабарламада. 

Кездесу соңында Тоқаев Almaty AI Park жобасын жеделдету, сондай-ақ LRT және SkyTrain жүйелерін енгізу жұмыстарын жандандыру бойынша бірқатар тапсырма берді.

STAN.KZ
Жұма, 20 Наурыз, 2026 17:22