Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Әр ата-ана әскерге кеткен баласын мемлекетке сеніп тапсырады": Президент әскердегі тәртіпсіздік туралы айтты

Мемлекет басшысы әскерде заң мен тәртіптің сақталуы айрықша маңызды міндет екенін атап өтті. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Фото: Gov.kz

Кейінгі жылдары еліміздегі сарбаздардың әлімжеттіктің құрбаны болып, денсаулығынан айырылып жатқаны көпшілікті алаңдатты. Тоқаев осыған байланысты әскерде темірдей тәртіп орнату керегін алға тартты.

“Жастар әскерге Отан алдындағы борышын өтеуге барады. Жас сарбаздарымыз өз міндетін алаңсыз орындауы үшін әскер қатарында, ең алдымен, темірдей тәртіп болуға тиіс. Қарулы күштер мен басқа да күштік құрылымдар осы талапты мүлтіксіз орындауы қажет. Әр ата-ана әскерге кеткен баласын мемлекетке сеніп тапсырады. Сондықтан сарбаздардың денсаулығы мен қауіпсіздігіне, ең алдымен, армия басшылығы және құқық қорғау мекемелерінің басшылары жауапты", – деді президент.

Тоқаев көтерген тағы бір мәселе – азаматтардың қауіпсіздігі. Ол жеке адамнан бастап, тұтас қоғамның қауіпсіздігін қамтамасыз ету – мемлекет үшін стратегиялық маңызы бар басымдық деп атап өтті.

“Көптеген елде, тіпті кейбір дамыған мемлекеттердің өзінде қылмыс пен тәртіпсіздік өршіп тұрғанына қарамастан, біз соңғы жылдары қауіпсіз қоғам құру жолында едәуір жетістікке жеттік. Көшедегі, қоғамдық орындардағы қылмыс пен заңсыздық тыйылып келеді. Дегенмен арқаны кеңге салуға болмайды. Менің басты міндетімнің бірі – Қазақстанды қауіпсіз әрі жайлы елге айналдыру. Құқық қорғау органдарына және басқа да жауапты мекемелерге азаматтардың қауіпсіздігін барынша қамтамасыз ету жүктелді”, – деп қосты ол.

Айтуынша, ішкі істер министрлігі ұсақ бұзақылық пен вандализмнен бастап, шетелдіктердің заңсыз көшіп келуіне және басқа да ауыр қылмыстарға қатаң тосқауыл қойып, дереу жолын кесуге міндетті. Тоқаев құқықтық мемлекетте қылмыс әлеміне орын жоғын және қарақшылықты түп-тамырымен жою керегін ескертті.

“Түрлі экстремистердің, оның ішінде әсіре діншілдердің де елге іріткі салатын әрекеттеріне қатысты ұстаным дәл осындай болуға тиіс. Құқық қорғау органдары кәсібилік, батылдық және табандылық танытуы керек", – дейді президент.

Талқылау