Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Тоқаев Ресейді Қазақстанның "Құдай қосқан көршісі” деп атады

Фото: akorda.kz

Тоқаев Ресейді Қазақстанның “Құдай қосқан көршісі” деп атады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ресейге сапарының құрметіне Путиннің атынан Кремльде мемлекеттік қабылдау өтті. 

“Қиын жылдарда біз бір-бірімізді қолдап, иық тіресіп қатар тұрдық. Бірге талай қиындықты жеңдік, бүгінде жадымызда сақтап, жүрегіміздің төрінде қастерлеп ұстайтын Ұлы Жеңіске бірлесіп жеттік. Ата-бабамыздан "Құдай қосқан көрші" деген сөз қалған. Ресей – Қазақстанның Құдай қосқан көршісі”, – деді Тоқаев.

Владимир Путин де  екі арасындағы достыққа ерекше тоқталды.

"Қазақстан – Ресейдің одақтасы, стратегиялық серіктесі және тату көршісі. Біз бұл елмен достыққа, өзара сенім мен құрметке негізделген көпжоспарлы және теңқұқылы қарым-қатынас құрып жатырмыз".

Қасым-Жомарт Тоқаев пен Владимир Путин келіссөздер қорытындысы бойынша Қазақстан мен Ресей арасындағы мемлекетаралық қарым-қатынасын жан-жақты стратегиялық серіктестік және одақтастық деңгейіне дейін жеткізу жөніндегі декларацияға қол қойды.

Фото: akorda.kz

Мемлекеттер басшыларының қатысуымен бірқатар үкіметаралық және ведомствоаралық құжаттарды алмасу рәсімі өтті:

- Қазақстан Республикасы Үкіметі мен Ресей Федерациясы Үкіметі арасындағы экономикалық ынтымақтастықтың 2026-2030 жылдарға арналған кешенді бағдарламасы;

- Қазақстан Республикасы Үкіметі мен Ресей Федерациясы Үкіметі арасында үшінші елдерге экспортқа жеткізуге арналған ресейлік және қазақстандық жүктерді темір жол көлігімен транзиттік тасымалдау және ауыстырып тиеу саласындағы ынтымақтастықты ұйымдастыру туралы келісім;

- Қазақстан Республикасы Үкіметі мен Ресей Федерациясы Үкіметі арасында көлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету саласы бойынша өзара ықпалдастық жөніндегі келісім;

- Қазақстан Республикасы Үкіметі мен Ресей Федерациясы Үкіметі арасындағы "Союз-5" және "Бәйтерек" ғарыш зымыран кешендеріне ұшу сынағын жүргізу үшін Қазақстан-Ресей мемлекетаралық комиссиясын құру туралы келісім;

- Қазақстан Республикасы Үкіметі мен Ресей Федерациясы Үкіметі арасында Ақтау қаласында Ресей Федерациясының Бас консульдығын құру туралы ноталармен алмасу формасындағы келісім;

- Қазақстан Республикасы Үкіметі мен Ресей Федерациясы Үкіметі арасында халықтың санитарлық-эпидемиологиялық жағдайын қамтамасыз ету саласындағы ынтымақтастық туралы келісім;

- Қазақстан Республикасы Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі мен Ресей Федерациясы Экономикалық даму министрлігі арасында ерекше экономикалық аймақтарды дамыту мәселелері бойынша өзара түсіністік туралы меморандум;

- Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігі мен Ресей Федерациясы Оқу-ағарту министрлігі арасында Қазақстан Республикасында қазақ-орыс жалпы білім беру ұйымдарын ашу және Ресей Федерациясында орыс-қазақ жалпы білім беру ұйымдарын ашу бойынша ниеттестік туралы меморандум;

- Қазақстан Республикасы Экология және табиғи ресурстар министрлігі мен Ресей Федерациясы Табиғи ресурстар және экология министрлігі арасында Қазақстан Республикасына Ресей Федерациясынан Амур жолбарыстарын әкелуге әзірлік және жеткізілген жануарлардың бастапқы бейімдеуден өтуі бойынша бірлескен іс-шаралар жоспары;

- Қазақстан Республикасы Атом энергиясы жөніндегі агенттігі мен Экологиялық, технологиялық және атомдық бақылау жөніндегі федеральдық қызметі (Ресей Федерациясы) арасында атом энергиясын бейбіт мақсатта пайдалануда ядролық және радиациялық қауіпсіздікті реттеу саласы бойынша ынтымақтастық жөніндегі өзара түсіністік туралы меморандум;

- Қазақстан Республикасы Көлік министрлігі мен Ресей Федерациясы Көлік министрлігі арасында Қазақстан-Ресей мемлекеттік шекарасындағы автокөлік өткізу бекеттерін дамыту жөніндегі іс-шаралар жоспары;

- "ҚТЖ" ҰК" АҚ мен "РТЖ" ААҚ арасындағы 2030 жылға дейінгі мемлекетаралық түйісу пункттерін дамыту туралы келісім;

- "Қазпошта" АҚ мен "Ресей поштасы" АҚ арасындағы ынтымақтастық туралы меморандум.

Фото: akorda.kz

Артынша Қасым-Жомарт Тоқаев пен Владимир Путин Қазақстан өнерпаздарының гала-концертіне барды. Қазақстанның Ресейдегі мәдениет күндері аясында ұйымдастырылған мерекелік кеш Үлкен театрда өтті. Сахнада қазақтың музыкалық және хореографиялық өнерін насихаттап жүрген танымал әртістер мен шығармашылық ұжымдар өнер көрсетті.

Дана Русланқызы
Сәрсенбі, 12 Қараша, 2025 23:09
Талқылау