Ресей территориялық тұрғыда талап қояды деген алаңдаушылығымыз жоқ – Тоқаев
Тоқаев Ресей тарапынан болуы мүмкін аумақтық талаптарға қатысты сұраққа жауап берді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: gov.kz
Қасым-Жомарт Тоқаев Германия Федеративтік Республикасына ресми сапармен барды.
Федералдық канцлер Олаф Шольцпен келіссөздерден кейін тілшілерге берген баспасөз мәслихатында Президент Қазақстанның Ресеймен екіжақты тарапта және тиісті интеграциялық бірлестіктер шеңберінде тұрақты достық қарым-қатынаста екенін айтты.
Мемлекет басшысы Ресей мен Қазақстан арасындағы шекара делимитацияланып, негізінен демаркацияланғанын және ол құжаттарды екі елдің парламенттері мақұлдап, ратификациялағынын айтты.
"Сондықтан бізде Ресей территориялық тұрғыда талап қояды деген еш алаңдаушылық жоқ", - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Тоқаев Қазақстан мен Ресей шекарасы әлемдегі ең ұзын құрлық шекарасы екенін атап өтті.
Сондай-ақ, мемлекет басшысы Ресей-Украина қақтығысына қатысты да пікір білдірді.
“Украиналық қақтығысқа келетін болсақ, Қазақстан соғыс қимылдарын дереу тоқтатуды және БҰҰ Жарғысына негізделген бейбіт келіссөздерді жақтайды. Бүгін мен құрметті канцлер мырзаға жағдайдың өте күрделі екенін айттым. Украиналық және ресейлік тараптар келіссөздерге дайын екендерін мәлімдеді, бірақ келіссөздер өтетін алаң әлі белгісіз", – деді Тоқаев.

"Шетелде билетсіз, қонақүйсіз далада қалдым": Қазақстандықтар авторлық тур сатып аламыз деп 2 млн теңгеге дейін қаражаттарынан қағылған
