Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Тоқаев мемлекеттік органдардың өкілеттіктерін қайта бөлу туралы заңға қол қойды

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мемлекеттік басқару деңгейлері арасында өкілеттіктерді қайта бөлу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заңға қол қойды, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.

Құжат кейбір функцияларды үкіметтен орталық мемлекеттік органдарға, сондай-ақ орталық мемлекеттік органдардан әкімдіктерге беруді қарастырады.

“Заң мемлекеттік басқару деңгейлері арасында өкілеттіктерді қайта бөлу арқылы мемлекеттік басқару жүйесін одан әрі жетілдіру мақсатында әзірленген және мемлекеттік органдардың тәуелсіздігі мен жауапкершілігін арттыруға, сондай-ақ шешімдер қабылдау тиімділігін арттыруға бағытталған”, – делінген хабарламада.

Үкіметтен орталық мемлекеттік органдарға қандай функциялар беріледі:

Ұлттық экономика министрлігіне – стратегиялық жоспардың орындалуы туралы есеп жасау және ұсыну тәртібін белгілеу;

Қаржы министрлігіне – аудиторлық қызметті лицензиялауға қойылатын біліктілік талаптарын бекіту;

Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігіне – жолаушылар мен көлік инфрақұрылымы объектілеріне баратын адамдарды тексеруден өткізу тәртібі мен талаптарын бекіту; машиналар мен жабдықтардың сақталуын қамтамасыз ететін мемлекеттік органдардың қызметін салааралық үйлестіру;

Сауда және интеграция министрлігіне – Қазақстанның сауда қызметін реттеу саласындағы нормативтік құқықтық актілерін әзірлеу және бекіту;

Денсаулық сақтау министрлігі - ядролық сынақтармен байланысы бар деп танылуы мүмкін аурулардың тізбесін бекіту; арнайы білім беру ұйымдарында және ерекше режимдегі білім беру ұйымдарында кәмелетке толмағандарды ұстауға және тәрбиелеуге кедергі келтіретін аурулардың тізбесін бекіту;

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне – экономикалық қызмет түрлерін кәсіптік тәуекел сыныптарына жатқызу тәртібін бекіту;

Білім және ғылым министрлігіне – қаржы институттары беретін білім беру кредиттеріне (олардың мөлшерін) кепілдік беру қағидаларын бекіту;

Ішкі істер министрлігіне – өрт қауіпсіздігі ережелерін әзірлеу және бекіту; медициналық мекемелер мен оңалту орталықтарының базасында азаматтық қорғау органдарының қызметкерлерін медициналық-психологиялық оңалту қағидаларын бекіту;

Сыртқы істер министрлігі – халықаралық шарттардың орындалуын бақылау; Қазақстанның халықаралық шарттарының мемлекеттік тізілімін жүргізу тәртібін айқындау;

Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігіне – ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың мемлекеттік кадастрын жүргізу қағидаларын бекіту.

Дана Русланқызы
Сәрсенбі, 24 Қараша, 2021 18:49
Талқылау