"Бәлкім, Антикор қорқытып қойды?": Тоқаев мемлекеттік қызметкерлердің жауапкершілік алудан қорқатынын айтты
Үкіметтің кеңейтілген отырысында Қасым-Жомарт Тоқаев инвесторлармен келісім жасау мәселесін мемлекеттік қызметкерлердің жауапкершілік алудан қорқуымен байланыстырды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: Ақорда
Тоқаев өз сөзінде экономикаға инвестиция тарту маңызды мәселе екенін айтты.
“Келесі маңызды мәселе – экономикаға инвестиция тарту. Бұл көрсеткіш бойынша, БҰҰ дерегіне сәйкес, Қазақстан жетістікке жетіп отыр. Инвестордың сұрағын тез шешу үшін Инвестициялық штаб құрылды. Штабтың қызметі әртүрлі бюрократиялық кедергілер мен құқықтық қақтығыстарды жою арқылы жеке жобаларды жүзеге асыруды жеделдетті. Бірақ басты міндет – "нүктелік мәселелерді" шешіп қана қоймай, ең алдымен елдегі инвестициялық ахуалды жүйелі түрде жақсарту”, – деді ол.
Президент инвесторлармен келісімнің ұзақ жасалуы мемлекеттік қызметкерлердің жауапкершілік алудан қорқуымен байланыстырды.
“Инвестициялық жобаларды пысықтау барысында ведомствоаралық үйлестіруге әлі де көп уақыт кетеді. Үкімет жедел жұмыс істеп, артық бюрократиядан арылуға тиіс. Келісу мен шешім қабылдаудың ұзақ рәсімдері мемлекеттік қызметкерлердің жауапкершілікті алғысы келмеуімен және қорқуымен байланысты. Бұл туралы тура айту керек. Бәлкім, жемқорлыққа қарсы қызмет барлығын қорқытып қойды? Мұны да қарастырып көрейік”, – деді ол.