Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар
Басты жаңалықтар

Тоқаев экс-депутат Қуаныш Сұлтановты "Отан" орденімен марапаттады

Фото: parlam.kz

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың жарлығымен Қуаныш Сұлтанов "Отан" орденімен наградталды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Ақордаға сілтеме жасап хабарлайды.

“Мемлекеттік және қоғамдық қызметтегі айрықша еңбегі үшін Қуаныш Сұлтанұлы Сұлтанов "Отан" орденімен наградталсын”, – делінген Жарлық мәтінінде.

Қуаныш Сұлтанов 1945 жылы 12 мамырда Талдықорған облысы Панфилов ауданы Еңбекші (Қызыл Еспе) ауылында дүниеге келген. Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік университетін, КОКП Орталық Комитетінің Қоғамдық білімдер академиясын бітірген, журналист, саяси ғылымдар докторы, профессор. Тәуелсіз Қазақстанның тұңғыш ақпарат министрі атанған. Премьер-министрдің орынбасары, Жоғарғы Кеңес төрағасының орынбасары, Қазақстанның Қытайдағы елшісі, Сенат депутаты болды.

Ол "Қарлығаштар" (1976), "Жастардың аяқ алысы" (1981), "Қазақстан комсомолы" (1982), "Уақытпен бетпе-бет" (1995). "Қазақстан-Қытай: тарих және қазіргі заман" (1995), "Қазақстан-Қытай: құжаттар мен материалдар жинағы" (1997), "Алыптың оянуы (қытай реформасы туралы очерктер)" (1999) кітаптарының және "Қазақстан мен Қытайдағы реформалар. Ерекшеліктері. Ұқсастығы. Айырмашылықтары. Жетістіктері. Мәселелері" (2000), Қазақстан мен Қытай арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастардың орнағанына 10 жыл толуы құрметіне орай жазылған "Тату көршілік. Добрососедство" (Астана–Бейжің, 2001), "Мүдделер қиылысы. Перекресток интересов" (2003) монографияларының, "Қазіргі заманғы саяси процестер" (2004) атты оқу құралының тең авторы, "Серпінді кезең" (2005) кітабының, сондай-ақ 200-ден аса мақала мен жарияланымдардың авторы.

Айнұр Мұхади
Дүйсенбі, 12 Мамыр, 2025 10:43
Талқылау