Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Тоқаев Конституциялық комиссияның төрағасын қабылдады

Фото: akorda.kz

Тоқаев Конституциялық комиссияның төрағасы Эльвира Әзімованы қабылдады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Ақорданың мәліметінше, президент комиссия төрағасымен қатар конституциялық комиссия төрағасының орынбасары, мемлекеттік кеңесші Ерлан Қаринді және конституциялық комиссия мүшесі, президенттің құқықтық мәселелер жөніндегі көмекшісі Ержан Жиенбаевты да қабылдаған. 

“Мемлекет басшысына Конституциялық комиссияның бұған дейін өткен отырыстарының нәтижесі туралы мәлімет берілді. Эльвира Әзімова Комиссия қызметінің ашықтығын қамтамасыз ету мақсатында барлық отырыс медиа кеңістікте, соның ішінде арнайы телеграмм арналары арқылы тікелей көрсетіліп жатқанын баяндады”, – делінген хабарламада. 

Биліктің жаңа моделі: Қазақстанда вице-президент пен Құрылтайдың міндеті қандай болмақ


Кездесуде Конституциялық комиссия төрағасы жарты жыл бойы Конституциялық реформаларды қоғамдық талқылау өткізілгенін айтты. Электронды платформаға азаматтардан, құқықтанушы ғалымдардан, сарапшылардан, заңгерлерден, саяси партиялардан, үкіметтік емес ұйымдардан, кәсіптік және бизнес қауымдастықтардан 2 мыңнан аса ұсыныс пен бастама келіп түскен.

Тоқаев алдағы Конституциялық реформа еліміздің дамуына тың серпін беретінін, ал комиссия жұмысы Конституциялық реформаларды іске асыруда өте маңызды рөл атқаратынын атап өтті.

Еске салсақ, бұған дейін Тоқаев Конституциялық реформа жөніндегі комиссия құру туралы жарлыққа қол қойған еді. Президент Конституциялық комиссия құру туралы шешім қабылдағанын Қызылордада өткен Ұлттық құрылтай отырысында мәлімдеді.

Дана Русланқызы
Сейсенбі, 27 Қаңтар, 2026 21:24