Тоқаев коммуналдық қызмет тарифтерін де біртіндеп өсіруді тапсырды
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев коммуналдық инфрақұрылымды жаңарту үшін тарифті көтеру керегін айтты деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
Президент елдегі ЖЭО-ның тозу деңгейі 80 пайызға жеткенін, ал жылу желілері шамамен 54 пайызға ескіргенін айтты. Осы орайда инфрақұрылымды жаңарту қажет деп отыр. Ол үшін коммуналдық қызмет тарифін көтеру керек. Түскен ақша тікелей сол кемшілікті реттеуге жұмсалсын деді.
"Тарифті өсіруден түскен қосымша қаржы тек қана коммуналдық инфрақұрылымды жаңғыртуға жұмсалуы керек. Сондай-ақ жаңа қуат көздерін іске қосуға және жұмысшылардың жалақысын көтеруге бағытталуы қажет. Монополистердің міндеттері мұқият нақтыланып, толығымен орындалуға тиіс. Сондықтан Үкіметке қаржының жұмсалуын бақылайтын қатаң амал-тәсілдер енгізуді тапсырамын. Оған цифрлық бақылау жүйесін де енгізу керек.Жұрт коммуналдық қызмет үшін төлеген ақшасы қайда кетіп жатқанын көріп отыруға тиіс. Қазіргі заманғы ақпараттық технология бұған толық мүмкіндік береді”, - деді Мемлекет басшысы.
Сонымен қатар, Қасым-Жомарт Тоқаев коммуналдық саланы жаңғырту үшін “инвестиция орнына тариф” саясатын ұсынғанын да айта кетті. Үкімет енді жылдар бойы жиналған мәселелерді шешетін болады деп қорытындылады сөзін.