Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Тоқаев Қазақстан күшті президенттік билікке арқа сүйеген мемлекет болып қалуы тиіс екенін айтты

Фото: Ақорда

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Республика күніне арналған салтанатты жиында елімізде іске асырылып жатқан реформаларды сөз етіп, не өзгерссіз қалуы тиіс екенін айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

"Таяуда халыққа арнаған Жолдауымда Парламентті реформалау туралы мәлімдедім. Бұл бастаманы алдын ала жариялауымның өзі еліміздегі саяси үдерістердің ашық жүріп жатқанын көрсетеді. Биліктің заң шығарушы тармағын өзгерту соңғы жылдары жүзеге асырылған жан-жақты жаңғырудың қисынды жалғасы болмақ. Барлық ұсынысымыз Қазақстанның эволюциялық дамуына қатысты азаматтарымыздың мүддесі мен сұранысына негізделген. Ал еліміз алға жылжып, дамуы керек. Бұған еш күмән жоқ, болуы да мүмкін емес. Жоспарланған өзгерістер Парламенттің құзыреті мен беделін күшейтеді", - деді Тоқаев. 

Мемлекет басшысының айтуынша, Конституцияға енгізілетін өзгертулер Парламентке ғана қатысты емес, сондай-ақ Президент, Үкімет туралы бөлімдерді және саяси жүйенің басқа да қырларын қамтиды. 

“Түзетулердің жалпы көлемін және 2022 жылғы конституциялық реформа аясында жүзеге асқан бастамаларды ескерсек, мұны жаңа Конституция қабылдауға барабар іс деуге болады. Әйтсе де Қазақстан Республикасы күшті президенттік билікке арқа сүйеген мемлекет болып қалуға тиіс екенін атап өткім келеді. Бұл қазіргідей алмағайып заманда еліміздің сенімді келешегіне кепіл болады. Өйткені парламенттік жүйе қауіпсіздік пен тәртіп, тұрақтылық пен даму тұрғысынан өз міндетін толық атқара алмай отыр. Кейбір сарапшылар мен саясаткерсымақтардың ұшқары тұжырымдарына көзсіз еріп, мемлекеттілігімізге қатер төндіруге еш хақымыз жоқ", -  деді Президент.

Айта кетейік, бұған дейін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өзіне Салық кодексіне қатысты көптеген өтініш келіп түскенін, соған байланысты премьер-министрге тапсырма бергенін айтқан болатын.

Айнұр Мұхади
Жұма, 24 Қазан, 2025 15:49
Талқылау