Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Тоқаев ІІ Елизавета патшайымның қайтыс болуына байланысты көңіл айту жеделхатын жолдады

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлыбритания және Солтүстік Ирландия патшасы ІІІ Карлға анасы ІІ Елизавета патшайымның қайтыс болуына байланысты көңіл айту жеделхатын жолдады, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі. 

Тоқаев

Мемлекет басшысы Қазақстан халқының және жеке өзінің атынан ІІІ Карл патшаның, корольдік отбасы мен барлық британдықтардың қайғысына ортақтасып, көңіл айтты.

Тоқаев елді 70 жыл бойы басқарған ІІ Елизавета патшайымның аса көрнекті көшбасшы, ұлы британ халқының бірлігі мен табандылығының символы болғанын атап өтті.

“Оның даналыққа, мейірімге және жігерге толы басшылығы Біріккен Корольдіктің одан да тұрақты, алуан түрлі және өркендеген қоғам құру жолында қарқынды дамуына өз септігін тигізді. Ол халықаралық қауіпсіздік пен орнықты дамуды нығайтуға бағытталған күш-жігерді ілгерілетуде көшбасшы болды. Оның тектілігі, қадір-қасиеті мен орасан зор жетістігі әлемдегі миллиондаған адамды жігерлендіре түсетініне, ал мол мұрасы өскелең ұрпақтың жүрегінде мәңгі сақталатынына сенімдімін”, – деп жазылған Қазақстан Президентінің жеделхатында.

Еске салайық, бұған дейін Англия патшайымы II Елизавета Шотландиядағы Балморал сарайында қайтыс болғаны туралы хабарлаған едік. 

Талқылау