Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Біз Қазақстанмен қарым-қатынасты жоғары бағалаймыз": Тоқаев Душанбеде Путинмен кездесті

Фото: akorda.kz

Қасым-Жомарт Тоқаев Душанбеде Ресей Президенті Владимир Путинмен кездесті. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Кездесу барысында Тоқаев қараша айында Ресейге сапармен баратынын атап өтті. 

“12 қараша күні сіздің шақыруыңызбен Ресейге сапармен барамын. Біз бұған ерекше мән беріп отырмыз. Бұл сапар екі ел арасындағы стратегиялық серіктестік пен одақтастық қатынастарға тың серпін береді деп ойлаймын. Қазақстан мен Ресейді шын мәнінде мәңгі одақтастық, стратегиялық серіктестік және достық қарым-қатынастар байланыстырады. Көрсеткіштерге көңіл толады. Менің Ресейге жасайтын сапарымның алдында өзара сауда көлемі жоғары деңгейге жетті. Былтыр оның көлемі 28 миллиард долларды құрады. Ресей біздің экономикаға қаржы құйып отырған негізгі инвесторлардың бірі”, – деді Тоқаев. 

Путин Тоқаевқа Қазақстан-Ресей байланыстарын дамытуға қосқан үлесі үшін алғыс білдірді. 

“Біз Қазақстанмен қарым-қатынасты жоғары бағалаймыз. Екі ел арасындағы байланыстардың сипаты ерекше. Бұған Сіз бен біздің достығымыз ғана ықпал етіп отырған жоқ. Өйткені Қазақстан мен Ресей посткеңестік кеңістіктегі интеграциялық үдерістерге бастамашы болып келе жатқаны белгілі. Бізде тұрақты түрде назар аударатын екіжақты мәселелер жеткілікті. Өз тарапымнан Қазақстан-Ресей байланыстарын дамытуға қосқан үлесіңіз үшін сізге алғыс айтамын”, – деді Ресей Президенті.

Дана Русланқызы
Жұма, 10 Қазан, 2025 18:22
Талқылау