Тоқаев Дубайда өткен байқауда жеңіске жеткен арнайы жасақ қызметкерлерін марапаттады

Тоқаев UAE SWAT Challenge-2026 халықаралық жарысының жеңімпаздарын марапаттады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Ақордада UAE SWAT Challenge-2026 халықаралық жарысынан жүлделі оралған командаларды салтанатты түрде марапаттау рәсімі өтті.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жеңімпаздарды шын жүректен құттықтап, олар нағыз қазақ жауынгері рухының қандай болатынын әлем жұртшылығына паш еткенін, Қазақстанның беделін биікке көтергенін атап өтті.

“Намысты қолдан бермей, байрақты бәсекеде топ жардыңыздар! Соның арқасында көк Туымыз желбіреді. Еліміздің мерейі үстем болды. Халқымыз сіздерді мақтан тұтады. Әлемнің 48 елінен 100-ден астам команда жиналған Дубайдағы дүбірлі дода – халықаралық маңызы бар оқиға. Бұл аса тартысты жарыс деп айтсақ, қате болмайды. Себебі барлық командалар бес күн бойы өте күрделі мақсаттарға қол жеткізу үшін көптеген тосқауылдарды еңсеруі қажет болды. Бірақ біздің жауынгерлер барын салды, әскери міндеттерді мінсіз орындап, ақыры ең жоғары деңгейдегі шеберліктерін көрсетті. Мұндай жарысқа әр мемлекет өзінің ең мықты сарбаздарын жібереді. Соған қарамастан ел үмітін ақтап, үздіктердің үздігі атану оңай емес екені анық. Бұл кездейсоқ жетістік емес. Әр жетістік – зор ерік-жігер мен қажырлы еңбектің жемісі”, – деді президент.

Тоқаев “Томирис” қыздар құрамасының жетістігіне айрықша тоқталды
“Сұлу қыздарымыз өте жоғары деңгейде өнер көрсетті, шеберлікпен алға шығып, әйелдер арасында топ жарды. Қазақстанның намысын қорғаған бес құраманың бәрі де үздік 20 команданың тізіміне кірді. Бұл нағыз жасампаз отаншылдық деп күмәнсіз айтуға болады. Төрткүл дүние ұл-қыздарымыздың мықтылығына куә болды. Сондықтан тағы да атап өткім келеді, сіздер көрсеткен мықты тактикалық дайындық, айрықша күш-жігер мен тамаша топтық жұмыстың арқасында әлем жұртшылығы қазақтың батыл, қайсар және өр рухты ұлт екеніне көз жеткізді. Баршаңызға шынайы ризашылығымды білдіремін. Барлық бапкер мен жаттықтырушыға және әскери басшыларға, басқа да мамандарға зор алғыс айтамын”, – деді президент.

Тоқаев арнайы жасақ қызметкерлері мен әскерилер әрдайым тәртіп пен мінсіз кәсібиліктің үлгісін көрсетіп, мемлекет мүддесін қорғау үшін батыл әрекетке дайын болуы қажет екенін айтты.

Мемлекет басшысының жарлығымен UAE SWAT Challenge-2026 халықаралық жарысынан жеңіспен оралған бір топ офицер мен әскери қызметкер Бауыржан Момышұлы атындағы ІІ дәрежелі “Айбын” орденімен, “Жауынгерлік ерлігі үшін” медалімен және Қазақстан Республикасы Президентінің Алғысымен марапатталды.
Еске салсақ, бұған дейін қазақстандық арнайы жасақтар Дубайда өткен турнирде алтын және күміс жүлде жеңіп алғаны туралы жазған едік.
"18 жыл бойы несиесін өзім төледім": Ақтөбеде 72 жастағы зейнеткер жалғыз ұлымен үйді бөлісе алмай жүр