Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Тоқаев билікке келгелі қазақстандықтардың өмірі расымен жақсарды ма?

Жақында "Қазақ әлеуметтік академиясы" сауалнама жүргізіп, ерекше бір жағдайды анықтаған. Күн сайын мыңдаған жаңалық жария болып жатқан қоғамда бұл сауалнама да сол көп жаңалықтың біріндей елеусіз қалып та кеткендей еді. Алайда сол жердегі пайыздық көрсеткіш біздің назарымызды еріксіз аударды.

адамдар

Сауалнамаға қатысушылардың 74 пайызы президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамалары қазақстандықтардың өмірін жақсартып жатыр деп есептейді. Жалпы анкетаға 24 блок енгізіліпті – экономикалық даму, әлеуметтік қолдау, білім мен медицина сапасының артуы, жастарды демеу, құқық қорғау, бостандық пен азаматтардың қауіпсіздігі, жемқорлықпен күрес, тұрғын үйге қолжетімділік, тағысын тағы. Ұйымдастырушылар сауалнаманы Google forms және жеке сұхбат арқылы еліміздің барлық аймағында жүргізген.

Жарайды, сауалнаманың қандай форматта жүргізілгенін бүге-шігесіне дейін анықтау біздің құзырымызға кірмейді. Бізді қызықтырғаны – 74 пайыздық жетістік шындыққа жанаса ма деген сауал. Тұрғындар зейнетақы қорынан мерзімінен бұрын ақша алу бастамасын, ТЖ және карантин кезінде үкіметтің халықты айыппұл мен салықтан босатуын, Covid-19-бен күрескен дәрігерлерге төлем берілуін оң бағалаған. Сондай-ақ көпшілікке зейнетақы мен жәрдемақы көлемінің ұлғаюы, медицина қызметі сапасының артуы, тұтынушылық тауарлар бағасының арзандауы, банк несиелерінің қолжетімділігі, жалақының көбеюі мен жаңа жұмыс орындарының құрылуы, жоғары оқу орындары бағасының төмендеуі де ұнайды. Халық риза болмаған салалар – заң органдарының жұмысы, сот жүйесі, мемлекеттік және атқарушы органдар қызметі. Қысқасы, халықтың 74 пайызы келешегін Тоқаевпен байланыстырады.

Шын мәнінде қазіргі экономикалық және әлеуметтік ахуалды жоғарыдеңгейде деп бағалауға келмейді. Біз мұны сарапшылар пікірі мен қазақстандық және халықаралық экономикалық талдаулардан көреміз.

 

Теңге - құнсыз, тауар - қымбат

Өткен аптада Brent маркалы мұнай бағасы 39 доллардан төмендеп кетті. АҚШ президенті Дональд Трамптың коронавирус жұқтыруы әлемдік нарықтағы қара алтын құнының құлдырауына әсер еткен. Бұл долларға шаққандағы ұлттық валюта құнының әлсіреуіне әкеліп соқты. Жұма күні Қазақстан қор биржасында ұлттық валюта 1,75 теңгеге әлсіреп, 431,12 теңгені құраған.

Жалпы, теңге соңғы бір-екі апта үнемі қысымға ұшырады. 20 қыркүйекте 1 доллар 420,76 теңге болса, 30 қыркүйекте 431,81 теңге. Яғни, 10 күнде 11 теңгеге қымбаттаған. Халық теңгенің құнсыз болуы азаматтар тұрмысының нашарлауына соқтырып жатқанын жиі айтады. Қазір базарға 30 мың теңгемен барып сөмкені толтыра азық-түлік алып қайту қиындап кеткен. Жығылғанға жұдырық – биыл азық-түлік жиі қымбаттады. Қыркүйек айында 19 азық-түлік түрінің 12-сі қымбаттаған. Әсіресе, жұмыртқа бағасы 4,4 пайызға өскен. Бірнеше ай бойы үздіксіз қымбаттап кеткен тауарлар ішінде – қант, күнбағыс майы, күріш, ұн, нан, сары май, сүт бар. Соның нәтижесінде инфляция жыл басынан бері 4,9 пайызға жоғарылаған.

Қымбаттаған тек азық-түлік емес. Үкіметтің ресми дерегіне сүйенсек, қаңтар-тамыз аралығында дизелді отын бағасы 6,7 пайызға арзандаса, бензин керісінше 3,3 пайызға қымбаттаған. EnergyProm мониторингтік компаниясы зерттеуі бойынша, қаңтар-шілде айларында қайта өңделген мұнай өнімдерінің жалпы көлемі 10,2 млн тоннаны құраған. Бұл 2019 жылмен салыстырғанда 9 пайызға төмен. Тамыз айында бензин 4,2 пайызға қымбаттаған (2019 жылмен салыстырғанда). Оның ішінде АИ-92 – 2,5, АИ- 95/96 – 1,2, АИ-98 – 2,6 пайызға өскен.

 

Ірі бизнес мемлекет қолдауын сезінген жоқ

Ұлттық экономика министрлігі мәліметіне сүйенсек, Қазақстан халқының экономикалық белсенділігі бір жыл ішінде 70,1 пайыздан 69,2 пайызға төмендеген. Қазір елімізде 9,2 млн экономикалық белсенді халық тұрса, олардың саны бір жылда 0,5 пайызға қысқарған. Министрлік елдегі орташа жалақы көлемі 212 мың теңге екенін айтады. Бірақ реалды өмірде дәл осы көлемде жалақы алатын азаматтар саны өте аз екені айқын.

Пандемия кесірінен биыл 300 мың кәсіпкерлік субъектісі жұмысын тоқтатып, 1,6 млн адам ақысыз демалысқа жіберілген. Бұл жедел түрде халық тұрмысының төмендеуіне әкеліп соқты. Нәтижесінде, 42 500 теңге әлеуметтік жәрдемақысын алушылар саны 4,5 млн адамға жетті. Тағы 1 млн шағын және орта бизнес субъектісі несие төлемін кейінге шегерген.

KPMG аудиторлық компаниясының Қазақстан және Орталық Азиядағы басқарушы серіктесі Сәкен Жұмашевтің айтуынша, кәсіпкерлердің көбі мемлекеттің бизнесті қолдау шараларынан хабарсыз қалған. Олар барша бизнеске ортақ бірыңғай жүйе жоқтығына шағымданған.

"Бизнес мемлекеттік қолдау шаралары тиімділігін 10 баллдық шкаланың 5,7 деңгейінде бағалайды. Негізінен мемлекет қолдауын шағын және орта бизнес сезінді. Ал елдегі салық түсімінің 80 пайызын қамтамасыз етіп отырған ірі бизнес үшін ешқандай шара қарастырылмаған. Қазақстан экономикасы дамып, диалог қалыптасу үшін компаниялар мен мемлекеттік органдар ашық түсінікті диалог жүргізе алатын бірыңғай платформа керек", - дейді Сәкен Жұмашев.

Halyk Finance сарапшыларының талдауынша, Қазақстан осы жылдың қорытындысы бойынша оң көрсеткішке жете алмайды. Бұл жылы ЖІӨ көлемі 1,1 пайызға төмендейді.

Өнеркәсіптің шығыны шаш етектен

Сарапшы Сергей Домнин отандық inbusiness.kz басылымына берген сұхбатында пандемиядан туындаған дағдарыс қызмет көрсету, сауда және транспорт саласына ерекше соққы бергенін, алдағы жағдай бұдан да қиын болатынын айтады.

"Өнеркәсіптік өндіріс жағдайы нашарлап кетті. Әзірге динамикалық өсімді сақтап тұрған – өңдеуші өнеркәсіп, оның ішінде металлургия. Оның өзі осыған дейін металлургиялық жобаларға салынған ірі инвестициялардың әсерінен. Дегенмен қазір Қазақстанның барлық өнеркәсіп секторында процесс баяулап кетті. Тау-кен өнеркәсібі тіпті минусқа кірді. Өңдеуші өнеркәсіп те минусқа жақындады", - дейді сарапшы.

 

БЖЗҚ < Инфляция?

Сауалнамада көпшілікті риза еткен бастаманың бірі – халықтың БЖЗҚ-дан ақша алып, оны әлеуметтік жағдайын оңалтуға жұмсауы. Алайда сарапшылар президенттің бұл бастамасының нарыққа теріс әсер етуі мүмкін екенін де пайымдайды.

БЖЗҚ мәліметінше, салымшылардың 91 пайызға жуығы 3 млн теңгеге дейін қаржы жинай алған. Жалпы, 390 839  мың салымшының ғана қаржысы 5 млн теңгеден асып жығылады.

Жыл сайынғы Kazakhstan Growth Forum-2020 форумында сөз сөйлеген «Халық банк» басшысы Үміт Шаяхметова зейнетақы қорынан ақша алу экономиканы дамытуға ықпал етпейді дейді.

"БЖЗҚ-дан ақша алып, оны ремонтқа, баспана алуға жұмсау – инфляция өсіміне әкеліп соқтыруы мүмкін. Бұл бір реттік акция бір сәтте азаматтардың жылжымайтын мүлік сатып алуына мүмкіндік беретін шығар, БЖЗҚ қаражатын бұлай жарату экономиканы дамытуға мүмкіндік бермес. Оның үстіне мұндай мүмкіндікті салымшылардың 6 пайызы, 700 мың адам ғана пайдалана алады. Ал жалақысы төмен, әлеуметтік жағдайы осал топ бұл мүмкіндіктің қызығын көрмейді. БЖЗҚ-дан ақша алу инфляцияның өсуіне, жылжымайтын мүлік бағасының артуына және құрылыс материалдарының қымбаттауына әкеледі", - дейді Шаяхметова.

Осы жылдың екінші тоқсанында табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінен төменгі шектегі халық саны 5,7 пайызға (бір жыл бұрын – 4,3 пайыз) көбейген.

Ұлттық қор ақшасы қай уақытқа дейін халықты асырауға жетеді??

Finprom.kz мәліметінше, 2020 жылдың қаңтар-шілде айында мемлекеттік бюджетке 8,1 трлн теңге түскен. Бұл былтырға қарағанда 14 пайызға жоғары. Алайда мемлекет қазынасы салық пен негізгі капиталды сатудан емес салықтық емес түсімдерден және Ұлттық қордан қаржы трансферттеу нәтижесінде көбейген.

Сарапшылар қайта-қайта Ұлттық қордан қаржы ала беру экономика үшін тиімсіз екенін айтады. Соған қарамастан мемлекет 2021 жылы да қордан 3,7 трлн теңге алмақшы. Қаржы министрлігінің ақпарынша, оның 2,7 триллионы республикалық бюджет шығынын жабуға, 1,0 триллионы мақсатты трансферт есебінен шығындар орнын толтыруға жұмсалмақ.

Ұлттық қордағы қаржысын тауысып, күні халықаралық валюта қорына (ХВҚ) қарап қалған елдер де бар. Мемлекет дефолт жағдайына жақындаса ХВҚ-дан көмек сұрауға болады. Алайда олардың талаптары тым қатал, дейді эксперттер. Алда-жалда дәл сондай тәуелдік жағдайына тап болса, онда мемлекет өз қаржы нарығына өзі билік жүргізе алмай қалмақ. Әрине, біз ондай күннің тумауын қалаймыз. Десе де тиімді экономикалық факторлар қалыптастырып, өндірістік басымдыққа талпыну – бар қиындықтың алдын алмақ.

Дайындаған Абай Аймағамбет

Талқылау