Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Тоқаев БАҚ өкілдерін Ұлттық басылым күнімен құттықтады

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев БАҚ өкілдерін Ұлттық басылым күнімен құттықтады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Фото: Ақорадан

Президент бұл мерекенің елімізді өркендету жолында еңбек етіп жүрген баспасөз өкілдеріне деген шынайы құрметтің белгісі екенін алға тартты.

“Қадірлі баспасөз қызметкерлері! Сіздерді Ұлттық басылым күнімен құттықтаймын!

Қазақ басылымдары әрдайым халықтың үні, төл руханиятымыздың берік қорғаны саналған. Біз оның бай тарихын, ағартушылық дәстүрін мақтан тұтамыз. Газет-журналдарымыз ұлттық сана-сезімді дамыту ісінде айрықша рөл атқарады. Зиялы қауым өкілдері қоғамдағы көкейкесті мәселелерге қатысты ой-пікірін, негізінен, мерзімді баспасөз арқылы білдіреді”, – делінген хабарламада.



Мемлекет басшысы елімізде түрлі кезеңде жарық көрген басылымдар қашанда ұлт мүддесіне адал қызмет еткен.

“Аға буынның сара жолын қазіргі кәсіби журналистер лайықты жалғастырып келеді. Олар шынайы ақпарат таратып, жалпыұлттық құндылықтарды кеңінен насихаттауға белсене атсалысып жүр.

Газет-журналдарымыз алдағы уақытта да жасампаз бастамаларды жүзеге асыруға, ұлттың жаңа сапасын қалыптастыруға және ел бірлігін нығайтуға зор үлес қоса береді деп сенемін.

Баршаңызға шығармашылық шабыт, бақ-береке тілеймін!”, – делінген хабарламада. 

Талқылау