Тоқаев Amazon, Google, Mastercard компанияларымен жасалған келісімдер туралы айтты
Астанада өтіп жатқан Digital Bridge 2023 форумында сөйлеген сөзінде Қасым-Жомарт Тоқаев АҚШ-тағы ірі компаниялардың басшылығымен қолжеткізген келісімдерге тоқталды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Президенттің айтуынша, цифрлық инфрақұрылымды жүйелі түрде дамыту маңызды.
“Озық IT-инфрақұрылым цифрлық индустриядағы келешек прогреске, атап айтқанда жасанды интеллектінің дамуына негіз қалайды. Сондықтан инфрақұрылымды дамытқан кезде IT-өнім әзірлеушілердің қажеттілігі әрдайым алдын ала ескерілуге тиіс.
Ең алдымен, біз есептеуіш орталықтардың қуатын арттыруымыз қажет. Үкіметке екі жыл ішінде жасанды интеллектіге маманданған дата-орталықтардың құрылысын жүргізуді тапсырамын”, – деді президент.
Тоқаевтың айтуынша, бұл іске Amazon, Google, Mastercard және Citigroup сияқты әлемге танымал компанияларды тартуға болады.
“Жақында Нью-Йорк қаласына жасаған сапарымда аталған компаниялардың басшыларымен кездестім. Тиісті уағдаластықтарға қол жеткіздік. Сонымен қатар жасанды интеллектіге арналған деректер экожүйесін дамыту маңызды. Шын мәнінде, жасанды интеллектінің "қорегі", қозғаушы күші – үлкен деректер қоры. Қазақстанда осы салада түрлі шешімдер жүзеге асырылды", – деді ол.