Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Тоқаев Алматыдағы балаларға жедел медициналық көмек көрсету орталығына барды

1 маусымда мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Алматыдағы балаларға жедел медициналық көмек көрсету орталығын қарап шықты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Фото: Ақорда

Мемлекет басшысы балаларға жедел медициналық көмек көрсету орталығының жаңа ғимаратын аралап көрді.

"Ғимарат халықаралық Emergency стандарттарына сәйкес салынған және триаж жүйесі бойынша тәулігіне 500-ден астам пациентті қабылдауға арналған. Президентке диагностикалық кабинеттер, сәбилерге арналған реанимация және ота бөлмелері көрсетілді", – делінген Ақорданың хабарламасында.

Алматы әкімінің орынбасары Әсем Нүсіпова президентке 1965 жылы салынған бұл балалар ауруханасы С.Д. Асфендияров медициналық университеттің клиникалық базасы екенін айтты. Мұнда алматылық қана емес, Қазақстанның барлық өңірінен келген балалар ем алады.

“Аурухана – өңеш атрезиясы, диафрагмалық грыжа, рахисишиз, гастрошизис және басқалары сияқты туа біткен ақауларды хирургиялық түзетудің жалғыз орталығы”, – делінген хабарламада.

Соңғы үш жылда орталықтың жедел жәрдем қызметіне жүгінулер саны 30% өсті. Қазір емхананы қайта құру жоспары әзірленіп жатыр. Барлық ескі ғимараттар күрделі жөндеуден өткізіліп, оңалту, отоларингология, офтальмология, жақ сүйек хирургиясы бөлімдері ашылады.

Нәтижесінде ауруханадағы төсек-орын саны 350-ден 470-ке дейін артады. Жаңғырту медициналық қызметтердің ауқымын кеңейтіп, халықаралық стандарттар деңгейінде сапаны қамтамасыз етеді.

Фото: Ақорда

Мемлекет басшысы орталық қызметіне сәттілік тілеп, ұжымға екі жедел жәрдем көлігі мен интерактивті тақтаны сыйға тартты.

Еске салсақ, 31 мамырда Қасым-Жомарт Тоқаев жұмыс сапарымен Алматыға келген еді.

Талқылау