“Төбелесіп, шаш жұлысып жатты”: Атырауда автобусқа мінбек болған әйел қолын сындырып алған
Атырау-Құрманғазы бағытында автобусқа мінбек болған әйел қолын сындырып алған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Видеодан скрин
Видеодан автобусқа адамның барлығы жапа-тармағай мініп жатқанын байқауға болады. Желіде тараған аудиожазбада әйел Атырау-Құрманғазы бағытындағы автобусқа мінбек болған кезде қолын сындырып алғанын айтты.
"Мен сол күйі автобусқа міне алмадым. Адамдар төбелесіп, шаш жұлысып жатты. Қолымды сындырды. Егер бұлай жалғаса берсе, соңы жақсылыққа апармайды. Билеттер неге кассада сатылмайды?" – деді жолаушы.
Құрманғазы ауданы әкімдігі бұл жағдайды билеттердің онлайн сатылмауымен байланыстырды.
"Онлайн билет сату платформасы әлі қосылмағандықтан, жолаушылар билетті жүргізушіден немесе Атыраудағы теміржол вокзалының жанындағы автовокзалдан сатып алуға тиіс. Уақытша қолайсыздықтар үшін кешірім сұраймыз", – деді аудан әкімдігі.
Еске салсақ, осыған дейін Семейде құтқарушылар Ертіс өзеніне батып кеткен көлікті тапқаны туралы жазған едік.