Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар
Басты жаңалықтар

Титаник жолаушысының хаты аукционда 205 миллион теңгеге сатылды

Фото: Henry Aldridge & Son Ltd

"Титаник" апатынан аман қалған ең танымал жолаушылардың бірі жазған ашықхат аукционда 300 мың фунт стерлингке (309 мың доллар немесе 205 миллион теңге) сатылды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Associated Press-ке сілтеме жасап хабарлайды. 

1912 жылы 10 сәуірде жазылған бұл хатта бірінші класстың жолаушысы Арчибальд Грейси апатқа ұшырайтын кемеге қатысты былай деген:

"Бұл керемет кеме, бірақ мен саяхаттың соңына дейін күтіп, содан кейін ғана оған түпкілікті баға беремін". 

Хат Грейсидің туысқан ағасына жолданған және кейін оны сол адамның ұрпағы аукционға шығарған. Ашықхат сенбі күні, 26 сәуірде, Англияның Уилтшир графтығындағы Henry Aldridge & Son аукцион үйінде жеке америкалық коллекционерге сатылды. Оның соңғы бағасы бастапқыда болжанған 60 мың фунттан бірнеше есе асып түсті.

Бұл хат Грейсидің "Титаник" бортында жазып, бүгінге дейін сақталған жалғыз хаты болып саналады. Естеріңізге сала кетейік, "Титаник" круизі алғашқы сапарында Ньюфаундленд жағалауында айсбергпен соқтығысып, шамамен 1500 адамның өмірін қиған.

Аукционист Эндрю Олдридж бұл хатты "ерекше музейлік жәдігер" деп атады.

Грейси апат кезінде кемеден секіріп, аударылған қайыққа жетіп аман қалған. Кейін оны құтқару қайығындағы жолаушылар алып, "Карпатия" кемесіне жеткізген. Нью-Йоркке оралған соң, ол "Титаниктің шындығы" атты кітап жазып, апат түніндегі оқиғаларды егжей-тегжейлі баяндаған.

Арчибальд Грейси "Титаникке" 1912 жылы 10 сәуірде Саутгемптон портынан мінген және бірінші кластың С51 бөлмесіне орналасқан. Олдридждің айтуынша, оның кітабы лайнер апаты туралы ең толық жазылған еңбектердің бірі болып саналады. Алайда Грейси суық судан алған зақымдарының салдарынан толық айыға алмай, сол жылдың соңында диабеттің асқынудан қайтыс болды.

Хат Ирландиядағы Квинстаун портынан жөнелтілген еді — бұл "Титаниктің" трагедия алдында аялдаған екі порттың бірі болатын.

Айнұр Мұхади
Жексенбі, 27 Сәуір, 2025 19:00
Талқылау