Тіс емдету, көзді лазерлік түзету: Қазақстандықтар зейнетақы жинағын қандай медициналық қызметтерге қолдана алады
27 сәуірден бастап Қазақстанда жинақталған зейнетақы қаражатын стоматологиялық қызметке, оның ішінде тіс протездеу мен имплантациялауға, сондай-ақ балаларын емдеу үшін жұмсауға мүмкіндік беретін жаңа ережелер күшіне енеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Фото: Pixabay.com
Денсаулық сақтау министрінің 9 сәуірдегі бұйрығымен емделуге арналған біржолғы зейнетақы төлемдерін пайдалану қағидаларына өзгерістер енгізілді.
Қаражатты пайдалану үшін БЖЗҚ-дан жинақтың қолжетімді сомасы туралы ақпаратты алу керек. Жұбайы немесе жақын туыстары зейнетақы жинақтарын пайдаланғысы келсе, жеке кабинет арқылы шарт жасап, өзара қарым-қатынасты растау қажет.
Кәмелетке толмаған баласының еміне де қорды пайдалануға болады.
Әрі қарай қаражатты алушы емхананы таңдайды (соның ішінде шетелдегіні де). Емделу қажет пе деген шешім қабылдайтын дәрігерлік-консультациялық комиссиядан өту үшін өз емханасына барады.
Стоматологиялық қызметтерді алу үшін:
- Тістерді емдеу жоспарын, рентгенді комиссия қарастырады. Олар емхананың лицензиясын тексеріп, рұқсат береді.
- Егер имплантант салу керек болса, дейін және кейін рентгенге түсу керек. Протездерді орнату кезінде жұмыс алдында және жұмыстан кейінгі фотоны көрсетеді.
- Комиссиядан кейін науқас медициналық ұйыммен келісімге қол қояды, оны жеке шотқа тіркейді және оператордан ақша аударылғанын күтеді.
“Шетелде медициналық қызметтерді алу кезінде шот-фактура және медициналық ұйым мен науқас арасында жасалған медициналық қызмет көрсету шартын көрсете отырып, төлемді жүзеге асыру үшін қажет құжатты ұсынады”, — делінген құжатта.
Барлық құжатты тапсырғаннан кейін оператор 5 жұмыс күні ішінде медициналық ұйымның шотына ақша аударады. Төлем екі кезеңде жүзеге асырылады: емдеу басталғанға дейін және протез, имплантты түпкілікті орнатқанға дейін.
Қажет құжаттар 45 жұмыс күні ішінде ұсынылмаса, ақша БЖЗҚ-ға қайтарылады. Шетелде емделген жағдайда ақша бағамы ескеріле отырып қайтарылады.
Жинақталған зейнетақы қаражатын қандай ем үшін қолдануға болады:
- Орфанды ауруларды емдеу, оның ішінде оларды дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету, сондай-ақ емдеу тактикасын айқындау мақсатында диагностикалық зерттеулер жүргізу;
- Қазақстан аумағында орналасқан медициналық ұйымдарда көрсетілетін стоматологиялық қызметтер (тісті протездеу, имплантациялау);
- Отадан кейінгі тыртықтарды және туа біткен ақауларды, сондай-ақ мастэктомиядан кейін түзету мақсатында қалпына келтіру оталары (пластикалық);
- Радионуклидті және радиойодты терапия;
- Радиохирургиялық емдеу (гамма-пышақ, кибер пышақ);
- Протонды терапия;
- Офтальмологиялық қызметтер (мүйіз қабықшаның коллагендік кросслинкингі, лазерлік түзету).
Өзгерістер 27 сәуірде күшіне енеді.
Айта кетейік, денсаулық сақтау министрлігі тіс емдеу үшін зейнетақы жинақтарын алу ережелерін жаңартқан еді.
Астанада тіс емдеу кезінде көз жұмған 3 жасар қыздың өлімі: Сотта жаңа күмәндер мен сараптамалық қайшылықтар туындады