Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Тышқан мен тарақан қаптап кеткен": Желіде ҚазҰУ жатақханасының іші түсірілген видео тарады (видео)

Желіде Алматыдағы Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетіндегі №17 жатақхананың іші тозып кеткені түсірілген видео тарады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Фото: Видеодан скриншот

Кадрлардан еденде өріп жүрген тышқан мен тарақандарды байқауға болады. Желіде тараған видео жазбасында жатақханадағы екі адамға арналған бөлмеде 3-4 студент тұрып жатқаны жазылған. 



“Тіпті жоғары курс студенттері билігін асыра пайдаланып, өзінен кіші курс студенттеріне әлімжеттік көрсетеді. Қолынан сүйгізіп, телефондарын алып кетіп, бір-бірімен төбелестіреді екен. Ал университет басшылығы бұл мәселелерге мән бермей отыр”, – деп жазылған жазбада. 

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың баспасөз қызметі әлеуметтік желіде жарияланған видеоға қатысты ақпаратты жоққа шығарады.

Университет басшылығының мәлімтеінше, аталмыш №17 жатақхана 1990 жылы салынған. Видеодан кейін жүргізілген арнаулы рейд барысында жатақхана қайта тексеріліп, әлеуметтік желідегі ақпарат расталмаған. Студенттер тарапынан шағымдар айтылмапты. 

“Ағымдағы жөндеу жұмыстары кезінде жатақханадан студенттер шығарылды. Арнайы құрылысшылар жұмыс істеді. Әлеуметтік желідегі жарияланған бейнетүсірілім жаз мезгілінде түсірілген. Оқиғаны қазір болып жатқан секілді көрсетіп отыр. Бүгінгі таңда мұндай келеңсіз жағдайлар орын алған жоқ”, – дейді студенттер қалашығының директоры Әбдіқаһар  Сейітжанов. 

Айта кетейік, бұған дейін Мәжіліс депутаты Дәулет Мұқаев ҚазҰУ қалашығының жолдарын көрсеткен еді. Оның сөзінше, ол жердегі жол қирап, сынып жатыр. 

Жұмаділлә Нұрила
Жұма, 11 Қазан, 2024 17:36
Талқылау
`