Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Тіркеулерін басқа ауылға ауыстырып тастаған": Түркістан облысында ауыл тұрғындары әкім сайлауында дауыстары ұрланғандарын мәлімдеді

Түркістан облысы Сарыағаш ауданы Ақжар аулының тұрғындары әкім сайлауында дауыстары ұрланғанын айтып шамданды. Сөздерінше, 300-ге жуық адамның тұрғылықты мекенжайын басқа ауылға тіркеп, енді дауыс беруге кіргізбеген. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Видеодан скриншот

16 маусымда Түркістан облысы Сарыағаш ауданы Ақжар ауылында әкімдер сайлауы болған. Сонда бақылаушы болған Құрал Сейітханұлы әділетсіздіктер болғанын айтады. Ол мұны өз Facebook-парақшасында жариялады.

“Мына жақта сұмдық жиіркенішті сайлау өтіп жатыр. AMANAT партиясының мүшесі Серікті өткізу үшін 300-ге жуық адамның тіркеуін басқа ауылдарға ауыстырып тастаған. 70-тен асқан апаларды да күннің ыстығында сандалтып қойған”, – деп жазды Құрал Сейітханұлы.

Дауыс бере алмаған жұрт №612 сайлау учаскесінің алдында шу шығарған. Олар ауыл тұрғыны бола тұра әкім сайлауына қатыса алмағандарына наразы. Сөздерінше, 300-ге жуық адамның тіркеуі басқа ауылға ауысып кеткен. Салдарынан 150 шақты адам қайтып кеткен көрінеді. 

“Жасым 65-те, зейнеткермін. 1970 жылдан бері осы ауылда тұрамын, осы Ақжардағы үйде тіркеудемін. Бірақ бүгін тіркеуде жоқсың деп итеріп шықты”, – деді ауыл тұрғыны Рахым Нигманов. 

“Біз Ерікжан Мұсаевқа дауыс бергіміз келді. Себебі ол халықтың сөзін сөйлейді, жанашыр адам басқарсын дедім. Бірақ күйеуімді базада жоқ дейді, мені Жылға ауылына ауыстырып тастаған. Өмір бойы осы ауылда тұрамын ғой, қалай басқа жерге барамын. Осыған дейінгі сайлауларда, депутаттарды сайлағанда осы учаскеде дауыс бердім. Енді дауыс бергізбей, таңнан бері сандалып жүрміз”, – деді ақжарлық тұрғын.

Тағы бір тұрғын e-gov-тан тіркеуі шығып тұрса да, оны қайтарып жіберген дейді.

“612 сайлау учаскесіне бардық. Е-gov-тан мекенжайым, тіркеуім шығып тұр, бірақ енді сайлауға тіркелмедің деп қайтарып жіберді. Бюллетень берілмеді, дауыс беру құқығымыз бұзылды. Осы ауылдың тұрғынымыз ғой, енді 8-ден бері кіре алмай жүрміз”, – деді Ақжар тұрғыны.

Тұрғындар мұның артында бірдеңе бар деп күдіктеніп отыр. Ойларынша, шынайы дауыс бергісі келетіндерді ауыстырып, басқа адамды әкім етпек.

Сарыағаш аудандық сайлау комиссиясы жағдайға түсініктеме берді. Мәлімдеуінше, сайлаушылардың тұрғылықты жерi бойынша тiзiмді  жергiлiктi атқарушы орган жеке тұлғалар туралы мемлекеттік дерекқордың негізінде жасайды.

“Әрбір сайлау учаскесі бойынша сайлаушылардың тізімдерін дауыс беру басталардан 20 күн бұрын сайлау комиссиясына ұсынады. Ол тізімді 15 күн қалғанда сайлау комиссиялары танысу үшiн сайлаушыларға бередi. Олар деректерінің дұрыс-бұрыстығын тексере алады. Егер қате дерек болса, оны сайлау комиссиясына хабарлауы тиіс”, – деді сайлау комиссиясының өкілі.

Айтуынша, уақытша тіркелген азаматтар жергілікті атқарушы органға өтініші беріп, тізімге қосылуы керек.

“Азаматтардың Ақжар ауылдық округінде бүгін тіркеліп, дауыс беруге әрекет жасап жатқандары анықталды. Басқа қалаларда, ауданның өзге ауылдық округтерінде тіркелген азаматтар да осы округке уақытша тіркеліп, дауыс беруге ұмтылған жағдайлары кездесті. Учаскелік комиссия тізімде жоқ деп ұсынған 38 азаматтың ішінен 2 азамат қана ұсынылған тізімнен шығып отыр”, – деп мәлімдеді сайлау комиссиясы.

Талқылау