Тірі ұлын "өлтіріп", 100-ге жуық әріптесінен ақша жинаған астаналық әйел сотталды
Фото: Ru.freepik.com
Астанада “ұлым қайтыс болды” деп әріптестерінің аяушылығын тудырып, 2,5 миллион теңгеге алдап кеткен 31 жастағы әйел сот алдында жауап берді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Декреттік демалыстағы әйел басшысына телефон шалып, “балам терезеден құлап, жансақтау бөлімінде жатыр” деп өтірка айтқан. Оны естіген әріптестеріжаны ашып, көмек ретінде ем-домға деп ақша жинап берген.
Алайда араға уақыт салып әйелдің әріптестерін сан соқтырып кеткені белгілі болды. Қызметкерлердің бірі оның күйеуіне хабарласып, жағдайды нақтыламақ болғанда, ер адам бәрі жақсы, баланың аман-есен екенін айтқан. Осылайша, алаяқ оқиғаны ойлап тапқан болып шықты.
“Жиналған ақшаны ол өз қажетіне, атап айтқанда Түркияға демалысқа деп жұмсаған. Алданған қызметкерлер полицияға арызданған, нәтижесінде әйелге қатысты алаяқтық фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды”, – деп мәлімдеді полиция.
Құқық қорғау органдары азаматтарға бөгде адамдардың сөзіне сене бермеуді, танысы болса да ақпаратты тексеруді және эмоцияға берілмеуді ескертті.
Еске салайық, қылмыстық кодекстің 190-бабы 2-бөлігі (Алаяқтық) бойынша сотталушының мүлкі тәркіленіп, 1000 АЕК дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не 600 сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға не 2 жылға дейінгі мерзiмге бас бостандығын шектеуге не сол мерзiмге бас бостандығынан айырылуы мүмкін.
Бұған дейін астаналық әйелдің “ұлым терезеден құлап кетті” деп өтірік айтып, әріптестерін 2 миллион теңгеден астам ақшаға сан соқтырып кеткені туралы жазған едік.

"Қанды Қаңтар" алдында газ бағасын көтеруді қолдаған мұнай сарапшысы тағы сынға қалды: Енді жолақыны қымбаттатуды ұсынды
