AAPL
150.43 $
-1.51 %
TSLA
275.33 $
-4.59 %
NDAQ
56.93 $
-0.82 %
GOOGL
98.74 $
-1.4 %
FRHC
50.66 $
-3.78 %
AAPL
150.43 $
-1.51 %
TSLA
275.33 $
-4.59 %
NDAQ
56.93 $
-0.82 %
GOOGL
98.74 $
-1.4 %
FRHC
50.66 $
-3.78 %
Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Тіпті тіл үйрететін курстарға жібергенде де абай болған жөн": Теріс ағым өкілдері балалар мен жасөспірімдерді қалай арбайды

Бүгінгі таңда балалар мен жасөспірімдер қолындағы гаджеттермен айырылмас "досқа" айналып, әлеуметтік желіні белсенді қолданатыны жасырын емес. Алайда балалар көп жағдайда дағдарыс немесе өтпелі кезеңде теріс ағымның жетегінде кетуге бейім деп дабыл қаққан мамандар балаларыңыздың желіде кіммен сөйлесіп жүргенін жіті бақылауға шақырады. Себебі олардың санасы деструктивті ағымдардың әсерінен қорғалмағанын ұмытпау қажет. Алматы қаласы Дін істері жөніндегі басқармасы өскелең ұрпақты теріс ағымның әсерінен қалай қорғауға болатынын түсіндіріп берді.  

балалар дін

Философия ғылымдарының кандидаты, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ дінтану және мәдениеттану кафедрасының аға оқытушысы Жанна Қаңтарбаева әлеуметтік желінің жасөспірімдер мен балаларды теріс ағымға тартудағы басты құралға айналғанын айтады. 

"Балалар да, жасөспірімдер де желіде өте белсенді. Әрі діни сипаттағы ертегілер мен анимациялар, суреттер де ғаламторда қолжетімді. Дегенмен мұнда діни мәліметтер астарлы жолмен беріледі, сондықтан балалардың санасына әсер ету өте оңай болып отыр. Ал жасөспірімдер әлеуметтік желіде өздері үлгі алғысы келетін адамдарды бақылайды. Тіпті "кумирлері" арқылы да теріс ағымның жетегінде кетуі әбден мүмкін", – дейді ол. 

Сарапшының сөзінше, әлеуметтік желідегі түрлі парақшалар жасөспірімдерді қызықты мәліметтер арқылы тартады. Алайда мұның мақсаты теріс ағымға еліктіру болуы мүмкін екен. 

"Балалар мен жасөспірімдер дәстүрлі немесе теріс ағым екенін ажырата алмайды, сондықтан мұндай платформаларда діни идеологияның дәріптелетінін білмей де қалады. Әрине, классикалық миссионерлік жұмыстарды жоққа шығаруға болмайды. Діни әдебиеттерді басып шығару, түрлі үйірме мен жастарға арналған ұйымдар арқылы да балаларды теріс ағымның арбауына түсіреді. Тіпті тіл үйрететін курстарға жібергенде де абай болған жөн", – деп қосты Жанна Қаңтарбаева. 

Маман теріс дін өкілдері болашақты ойлап, бірінші кезекте балаларды өз ағымына тартқысы келетінін айтады. Сонымен қатар балалар арқылы олардың әке-шешесіне ықпал етуді көздейді. 

"Қазір олар балалардан еш пайда көрмеуі мүмкін, дегенмен болашақта бұл балалардың өсетінін біледі. Басқаша айтқанда, келешектерін ойлайды. "Қазір біз жасөспірімдерді тартсақ, 20 жылдан кейін олар бізге көп есікті ашып береді" дейді. Балалар тіпті миссионерлік мақсаттарда да қолданып жатады. Мысалы, Сирияда балаларға арналған "Халифат арыстандары" атты лагерьлер бар. Мұнда жасөспірімдер мен балаларды соғысқа, террористік әрекеттерге дайындайды.", – деп түсіндірді ол. 

Сарапшының айтуынша, бала отбасыда діни тәрбие алғанымен, теріс ағымның әсерінен толық қорғалды деп айтуға болмайды. Өйткені өтпелі кезеңде немесе жасөспірім шағында теріс ағымның арбауына түсіп қалуы әбден мүмкін. 

"Отбасыда діни тәрбие алған бала жалпы дін туралы кішкене болсын мәлімет алады. Дегенмен ата-аналар теріс ағымдардың да болатынын және олардың дәстүрлі діннен несімен ерекшеленетінін айтып қойғаны жөн", – деді Жанна Қаңтарбаева. 

Жанна Қаңтарбаева баланың сана-сезіміне жат ағымдардың әсер етіп жатқанын бірнеше белгі арқылы білуге болатынын алға тартты. Солардың бірі – психологиялық жай-күйінің өзгеруі.

"Деструктивті ағымның өкілдері балаларды арбауда "махаббатпен жаулау" әдісін қолданады. Мысалы, ата-анасы толыққанды көңіл бөлмейтін баланың жанынан табылып, барынша көмектеседі, қолдау білдіреді. Сәйкесінше бала немесе жасөспірім ата-анасынан, араласып жүрген ортасынан оқшауланады. 

Сонымен қатар тамақтың халал болуын, ата-анасынан діни құлшылық жасауын талап етуі де мүмкін. Әрі достарынан алшақтауы, үнемі бөтен адамдармен байланыста отыруы да балаға жат ағымның әсер етіп жатқанын көрсетеді", – деп түсіндірді маман. 

Жанна Орынбасарқызы өскелең ұрпақты жат ағымның әсерінен қорғау үшін бала күнінен отбасылық құндылықтарды сіңіру керегін айтады. Сонда ғана балалар "рухани вакуумға" түспейді, дейді ол. 

"Отбасыда, бірінші кезекте, ұлттық құндылықтарымызды сіңіруіміз қажет. Балалар дін және дәстүр туралы мәліметті отбасыда алмаса, мұны басқа жерден іздей бастайды. Екіншіден, дәстүрлі дін туралы ақпаратты қайдан алу керегін үйретіп, көрсету керек. Алдымен баладан дінге деген қызығушылығын сұрап көру қажет. Егер қызықтырса, дұрыс әрі объективті мәліметті алуға болатын дереккөздерді көрсеткен абзал. Дұрыс бағыт беру – біздің міндетіміз. Қазір Қазақстан мұсылмандар діни басқармасы мен қалалық дін істері жөніндегі басқармаларының сайты мен әлеуметтік желідегі парақшалары бар", – дейді ол. 

Сарапшы ата-аналардың балаларының қандай парақшаларды оқитынын, желіде не көретінін бақылап отыру керегін еске салды. 

"Браузер арқылы не көріп, не оқығанын тексеріп отыру артық етпейді. Сонымен қатар үйден тыс, мектепте немесе аулада қандай адамдармен араласатынын анықтау керек. Себебі балаларымыздың сана-сезімі қоршаған орта арқылы қалыптасады. 

Әрине, Қазақстан - зайырлы мемлекет. Әйткенмен бала кәмелеттік жасқа толғанша, ата-ананың бақылауында болады. Сондықтан балаңыз мешітке барамын десе, тыйым салудың немесе ұрсудың керегі жоқ. Тек ғылым мен білімнің маңызын, діндегі төзімділік пен толеранттылық сынды мәселелерді түсіндіріңіз", – деді ол.  

Сөз соңында Жанна Орынбасарқызы өзге ағымның жетегінде кеткен балаларды оңалтуға арналған орталықтардың бар екенін қосып өтті. Әрі көшеде немесе мектепте дінді насихаттау дерегі байқалса, бірден жауапты органдарға хабарлау керектігін ескертті. 

Талқылау
Қазір оқып жатыр
Қазір оқып жатыр