"Тыныстау мүмкін емес": Шымкентте бірнеше шағынаудан тұрғындары кәріз иісіне тұншығып отыр
Шымкенттікте мегаполистің қалдығы жиналатын жерге жақын маңда тұратын халық бес жылдан бері жағымсыз иіске тұншығып отыр. Тұрғындар қалдық өңдейтін орталықты басқа жаққа көшіру керегін айтады. Себебі иіс соңғы 10 күнде күшейген. Бұған дейін жергілікті билік ауа тазалайтын қондырғы орнатуға уәде берген. Бірақ бұл уәде орындаусыз қалыпты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі 31-арнаның “Информбюро” бағдарламасына сілтеме жасап.
Кәріз иісіне тұншығып отырған халық жергілікті билік өкілдеріне шағым түсіріпті. Алайда олар тек құрғақ уәдемен қайтарады дейді.
“Бүкіл Шымкенттің кәріз қалдығы осы жерге төгіледі. Оны барып көріп, құлақ салған адам жоқ. Бес жыл болды құр уәде береді. Осында келіп, тұз шашамыз немесе өңдейміз деп сендіріп кетеді”, – дейді Шымкент қаласының тұрғыны Әлия Серікбаева.
Ел арасында кәріз жүйесін тазалау орны "Боқкөл" аталып кеткен. Оның іргесінде бірнеше шағынаудан орналасқан. Жеке учаскеде тұратындардың көбі көпбалалы отбасылар екен. Тіпті кейбірі жағымсыз иістен ауру жұқтырған көрінеді.
“Жел тұрса, бүкіл Самал-3, Бекжан, Алаш, Ынтымақ, Нұршуақ-1 шағынауданын иіс басады. Кейінгі 1 ай көлемінде тыныстау мүмкін емес. Түнде терезені аша алмаймыз. Мүмкін арнайы қоспаны қоспай отырған шығар”, – деп қосты тұрғын Гүлжанар Жұматаева.
Жиналған 100-ге жуық азаматтың күдігі бекер болмай шықты. Наразы топ кәріз жүйесін тазалау орнына барғанда жұмысшылар иіске қарсы тұзды сеуіп кеткен екен. Ал шенділер қоршауы жоқ орынның ешқайда көшірілмейтінін айтты.
“Қазіргі таңда осы қалдықтардың бетін тұзбен көмеміз. Тұздың иісті қабылдау, сіңіріп алу қабілеті бар. Оның сыртында қоршау жұмыстарын бастаймыз. Шілденің соңына дейін иіс шығаратын қалдықтар жиналатын жерлерді қоршаймыз”, – деп түсіндірді Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Мақсұт Исахов.
Қала басшылығы бұл жерге бұған дейін иісті кетіретін құрылғы орнатамыз деп уәде берген. Алайда жоспар өзгеріп, 2025 жылы Түркістан облысы аумағынан жер алып, кәріз тазарту орталығының құрылысын бастамақ. Нысанның құрылысы қашан аяқталары белгісіз.

"Балам әкесінің дертін "мұра" етіп алды": Қазақстандық шизофрениямен ауыратынын 16 жыл бойы әйелінен жасырып келген
