Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Тимур Бекмамбетовтың фильмі АҚШ прокатында "Аватарды" басып озды

Тимур Бекмамбетовтың фильмі АҚШ прокатында «Аватарды» басып оздыФото: instagram.com/bekmambetovtimur 

Өткен демалыс күндері режиссер Тимур Бекмамбетовтың “Мейірім” фильмі АҚШ прокатында Джеймс Кэмеронның “Аватар: Жалын мен күл” картинасынан асып түсті. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Variety-ге сілтеме жасап хабарлайды.

“Аватар” франшизасының үшінші бөлімі қаңтар бойы көш бастап келді. Енді ол екінші орынға түсті. Өйткені демалыс күндері фильм 7 миллион доллар (3,5 миллиард теңге) жинаса, Бекмамбетовтың “Мейірім” картинасы Солтүстік Америкадағы алғашқы көрсетілімінде 11,2 миллион доллар (5,5 миллиард теңге) табыс тапты.

Материалда: “Мейірім” блокбастерге айналмағанымен, АҚШ-тың көп бөлігін қар басқан ауқымды қысқы дауыл кезінде әсерлі нәтиже”, – делінген.

Бастапқыда “Мейірім” демалыс күндері 12 млн доллар табыс әкеледі деп күтілген, алайда жақындаған дауылға байланысты болжам сәл төмендетілген. Фильм халықаралық прокатта әлсіз нәтиже көрсетіп, 80 нарықта бар болғаны 11,6 млн доллар жинаған. Нәтижесінде әлемдік кассалық түсімнің жалпы көлемі 22,8 миллион долларға (11,5 миллиард теңгеге жуық) жетті.

Картинаның оқиғасы жақын болашақта өрбиді. Крис Пратт сомдаған детектив әйелін өлтірді деген айыппен сот алдында жауап береді. Оның тағдырын Ребекка Фергюсон ойнаған ЖИ-сот шешеді.

Қысқы дауыл кинопрокатқа да соққы болды. Өткен уикенд биылғы ең әлсіз жиынтық көрсеткішті көрсетті: жалпы кассалық түсім шамамен 60 миллион долларға (30 миллиард теңгеден астам) жеткен. Бұл былтырдың осы кезеңімен салыстырғанда 9% аз. Аяз, қатты жел және боранға байланысты 37 штатта дауылды ескерту жарияланды. Ел бойынша көптеген ірі кинотеатр жабылды.

Айта кетейік, бұған дейін “Аватар” картинасында “Нейтири” рөлін сомдаған Зои Салдана кино тарихындағы ең табысты актриса атанғаны хабарланған еді.

Балнұр Жұмаділла
Сейсенбі, 27 Қаңтар, 2026 18:40