Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Time журналы бірнеше адамды "Жыл адамы" деп таныды

Фото: X Time журналы

TIME журналы 2025 жылдың “Жыл адамын” анықтады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Биыл жасанды интеллектің әлеуеті толық ашылған жыл болды. Мұны ескерген TIME журналы жасанды интеллект жасаушыларын 2025 жылдың “Жыл адамы” деп таныды.

“2025 жылы жасанды интеллектінің әлеуеті барынша ашылып, өз күшін толық көрсетті. Енді бұл технологиядан кері қайту мүмкін емес. Ақылды машиналар дәуірін бастап, адамзатты таңғалтып әрі алаңдатқаны үшін, бүгінгі өмірді түбегейлі өзгертіп, мүмкіндіктің шегінен шыққаны үшін жасанды интеллект жасаушылары TIME журналының нұсқасы бойынша 2025 жылдың “Жыл адамы” деп танылды”, – делінген журналдың X-тегі ресми аккаунтында.

Журналдың мұқабасын сәндеуге екі түрлі суретші тартылған. Олар лондондық иллюстратор және графикалық аниматор Питер Кроутер мен цифрлық суретші Джейсон Сейлер. Екеуі бірігіп, адам мен машинаның қарама-қарсылығын бейнелейтін иллюстрациялар жасап шыққан.


Айтбек Амангелді "Жыл адамы 2024" мәртебесіне ие болды


Бетперде таққан адам "Жыл адамы 2023" мәртебесіне ие болды


Мұқабалардың бірінде жасанды интеллект жасаушылары бейнеленген:

“Meta басшысы Марк Цукерберг, AMD бас директоры Лиза Су, xAI, SpaceX және Tesla компанияларын басқаратын Илон Маск, OpenAI басшысы Сэм Альтман, Nvidia жетекшісі Дженсен Хуанг, DeepMind бас директоры Демис Хассабис, Anthropic жетекшісі Дарио Амодей және ImageNet негізін қалаушы Фэй-Фэй Ли”.

“Адамзат 10 жыл бойы "ойлай алатын" машиналардың пайда болуына дайындалды. Олардың шахмат чемпиондарын жеңіп, ақуыз құрылымдарын дәл болжай алатын қабілетіне таңғалғанымыз рас. Алайда бізді машинаның сол түсініксіз табиғаты мен адамдық болмысқа қауіп төндіруі одан сайын алаңдатты. Сэм Альтман мен Илон Маск оның мүмкіндіктері адамзатқа қауіп төндіруі мүмкін екенін айтып келді. Алайда жасанды интеллекті қалай жауапкершілікпен қолдану керек деген талқылаудың орнын оны барынша тез енгізуге деген ұмтылыс басты”, – делінген журналда.

Журнал редакторы Сэм Джейкобстың айтуынша, “Жыл адамы” атағы өмірімізді өзгертетін тұлғаларға әлем назарын аудартуға мүмкіндік береді.

“Биыл өмірге ықпал еткен адамдар – жасанды интеллектіні ойлап тауып, жобалап, жасағандар. Жасанды интеллектінің ендігі даму бағытын адамзат айқындайды. Оның болашақ құрылымын анықтауға әрқайсымыз үлес қоса аламыз”, – делінген хабарламада.

Айта кетейік, Time журналы 2024 жылы “Жыл адамы” ретінде Дональд Трампты таңдаған еді. 

Жұмаділлә Нұрила
Жұма, 12 Желтоқсан, 2025 09:22