Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Ақмола облысының тұрғындары қазақ тілін тегін әрі тың әдіспен үйреніп жүр

Ақмола облысындағы “Тілдесейік достар” қазақша тегін тіл үйрету клубы бүгінде жұмысын қызу жүргізуде. Бұл клубқа келушілер керемет нәтижелі екенін айтып, тіпті тіл үйренуде мектептерде осындай тәсілдер жүргізілсе деген пікірде. Құрғақ теория мен грамматикаға ғана емес, қатысушылардың сөйлеу қабілетіне мән берілетін клуб туралы оқытушы мамандар мен қатысушылар айтып берді.

Оқытушы Мадина Қуандықова бұл клубтың ана тілді дамытуда үлесі басым екенін айтады.

“Қазіргі таңда қазақ тілін білмейтін немесе еркін сөйлей алмайтын адамдар, өкінішке қарай, көбейіп жатыр. Ғаламторда да, қызмет көрсету орындарында да, орыс тілінде сөйлейтіндер басым. Сондықтан мен Ішкі саясат басқармасының қолдауымен осындай қазақ тілін меңгертетін, қазақ тілінде еркін сөйлеуге үйрететін клуб ашу идеясын ұсындым”, – дейді ол.

Мадинаның сөзінше, орталыққа келіп қазақ тілін үйренемін деушілер тегін сабақтарға қатыса алады екен. 

“2021 жылдың шілде айында Ш. Уәлиханов атындағы Көкшетау университеті қазақ тілі мен әдебиеті мамандығын тәмамдағаннан кейін қараша айында Ақмола облыстық оқу-әдістемелік орталығына оқытушы қызметіне орналастым. Сәуір айында Ішкі саясат басқармасының қолдауымен осы клубты аштық. Клубымыздың бір ерекшелігі тілді грамматикасыз, тек қарым-қатынас арқылы үйрену, әртүрлі бейнебаяндар, ойындар арқылы сөйлеу және мен тыңдау қабілеттерін дамытуға көңіл бөлінеді. Орталықта сабақтар тегін негізде өткізіледі. Жарнама таратылғаннан кейін бізге көптеген адамдар хабарласты және де осы күнге дейін әлі де қатысушылар саны артуда. Алғашқы сабағымыз 18 сәуір күні өтіп, оған 10 адам қатысты. Кейін екінші сабағымызда 30 адам қатысты. Бұл біз үшін үлкен жетістік болды”, – деп қосты ұстаз. 

Оқытушы клубқа басым көпшілігі өзге ұлт өкілдерінің келетінін айтады. Олардың кейбірі күнделікті тұрмыста қазақ тілінде сөйлеуді үйренгілері келсе, басқалары алдына белгілі бір мақсат қойып келетін көрінеді. 

“Қазақ тілін не себепті үйренгіңіз келеді?” деген сұрағымызға түрлі жауап естідік. Біреуге ана тілін білмеу – ұят, тіл үйренуді азаматтық борышы деп санайды. Біреу Қазақстан қалаларын аралап, кездескен жанның бәрімен еркін сөйлескісі келеді. Біреуге қазақ фильмдері мен музыкасы ұнайды. Енді біреулері қазақ тілін жұмыста қолданғысы келеді. Қатысушылардың арасында жақындары мен туыстарын түсінгісі келетіндер,  Ресейде туып өскен қазақтар, Қазақстанға көшіп келген соң тілді міндетті түрде үйрену керек деп санайтындар да табылады. Клубымызға тіпті зейнетке шыққан адамдар да келеді”, – деді Мадина.

Оның сөзінше, орталықққа келушілердің қазақ тілін үйренуге деген ынтасы күннен күнге өсуде екен. 

“Клубтың қатысушылары әртүрлі жас аралығындағы адамдар болғандықтан біз топтарға бөлуді ұйғардық. Сөйтіп аптасына 2 рет, қарапайым және бастауыш деңгей деп 3 топқа бөлдік. Әр сабақ қызықты өтеді. Мектептегідей  үй жұмысы беріліп, тапсырмалар тексеріледі. Осы 2 айдың ішінде біраз дүние меңгерілді деп ойлаймын. Әр тыңдаушының өзіндік талпынысы, ерекшеліктері бар, өте белсенді, сабаққа деген қызығушылықтары жоғары”, – деп қосты ұстаз.

Осы тұста Мадина еліміздегі мемлекеттік тілдің дәрежесі артып келе жатқанынын сөз етті. 

“Елімізде қазақ тілінің дәрежесі артып келеді деп ойлаймын. Егемен мемлекетімізде, тілді үйренемін деушілерге мемлекет тарапынан қолдау көрсетіліп отыр. Көп жағдайда, қазақ тілі дәрежесінің төмендігі оның үйретілу сапасына емес, сұраныстың аздығынан, тиісті дәрежеде қажеттіліктің болмауына байланысты”,- деп қорытты ол.



Ақмола облысы ішкі саясат басқармасы Тілдерді дамыту және ономастика бөлімінің бас маманы  Мөлдір Әуелбекқызы да клубтың ерекшелігі мен маңыздылығын атап өтті.

“Тілді үйренудегі ең қажетті дүниелердің бірі жақсы ортаның болуы. Бұл клубтың ерекшелігі қазақ тілі оңай жолмен, еш қиын ережелерсіз, күнделікті өмірде сөйлесу, адамдармен қарым-қатынас орнату негізінде үйретіледі. Бұл сабақта мүлдем грамматика болмайды деген сөз емес. Сөйлемді дұрыс құру үшін де грамматиканың маңызы зор. Сондықтан бұл жағын да оңай үйрету жұмыстары бізде қарастырылған. Біздің мақсатымыз – қазақ тілін еркін үйретуге жағдай жасау, сондықтан жеңіл әрі ұғымды курстар өткізуге тырысудамыз”, – деді маман.

Сөзінше, қазақ тілін үйренемін деушілердің жасына қарай шектеу жоқ. Жас ерекшеліктеріне қарай сабақты қызықты өткізу үшін оқытушылар түрлі тәсілдер қолданады, дейді ол. 

“Айтып кеткеніміздей, бұл клубта үйренем деушілердің жасына еш шектеу жоқ. Клубқа келушілердің ең үлкені 63 жаста болса, ең кішісі 15-те. Сабақтар тегін өтеді. Клуб мүшелері бір-бірімен диалог құрып, ежелгі салт-дәстүрлермен танысады, түрлі тапсырмалар орындап, видеолар тамашалайды, сәйкесінше өздерінің пікірлерін де білдіріп жатады. Осылайша біз сабақты түрлендіріп өткізуге тырысамыз”,- деді Мөлдір. 

Маман мұндай клубтардың елімізге көбірек керек екенін де айтып қалды. Тіпті қазірдің өзінде тіл үйрену орталықтары Ақмола облысының аудандарында ашылып, сұраныстар ұлғайып жатыр екен.

“Қазір біздің клубта 40 оқушы бар. Өзге ұлт өкілдері тарапынан қызығушылық танытатындар саны артып келеді. Клубқа әртүрлі сала қызметкерлері келеді. Кәсіпкерлер, сатушы, жеке кәсіпкер, мемлекеттік қызметкер, зейнеткер. Басым көпшілігі өзге ұлт өкілдері болғандықтан алдағы уақытта ана тіліміздің трендке айналатынына сенемін. Қазір дәл оындай мақсатта ашылған орталықтар басқа аудандарда да бар. Целиноград ауданында “Қазақша сөйле”, Степногорск қаласында “Кел, қазақша сөйлейік” деген клуб бар. Қосшы қаласында 1 тамыз күні “Мәртебе” деген тіл клубының ашылуы өтті”, - деді басқарма өкілі.

Марина есімді клубқа қатысушылардың бірі орталықтағы қазақ тілін үйрету әдіс-тәсілінің жеңілдігін атап өтті. 

“Мен бұл клуб туралы ғаламтор желісінен көрдім. Сөйтіп қазақ тілін бұрыннан үйренгім келгендіктен қатыса бастадым. Маған оқытушылардың тілді үйрету тәсілдері қатты ұнайды. Еркін әрі тез үйренуге тигізер септігі мол деп толықтай айта аламын”,- деді  Марина.

Осы тұста клубтың тағы бір қатысушысы Ирина да өз әсерімен бөлісе кетті. 

“Қазақстанда тұрған соң, өзгелермен қарым-қатынасты нығайту үшін, түсіністікті арттыру үшін қазақ тілін үйренген дұрыс деп санаймын. Өз басым қазақ тілін үйренуге ынтам ашылып жүрген кезде, танысымның осындай бір тегін орталыққа барып жүргенін айтты. Содан құрбым екеуміз де қызығып, бірге қатыса бастадық. Барлығы айтып жатқандай мұндағы оқыту жүйесі өте қарапайым әрі жеңіл. Мұнда еркіндік пен ойыңды ашық айту, көбірек сөйлесіп, егер қателессең, бір-біріңді түзеу жұмыстары басым. Осы клубтың ұстаздарының оқыту тәсілдеріне қарап, мектепте де осылай үйретілсе ғой деген ой келді. Себебі мектепте тілді емін-еркін меңгере алмайсың. Оқушы бір жерінен қателессе, бірден нашар баға қойылады. Сәйкесінше, олар еркін сөйлеуден, қателесуден қорқады, ал тілді игеру процесі ұзақ уақытқа созылып кетеді”, – деді Инрина.

Талқылау