Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Тіл жанашырлары қауымдастық пен заң органдарының сайттарында ақпараттың тек орыс тілінде жарияланатынына шағымданды

Қазақстанда түрлі қауымдастық пен одақ, заң органдарының сайттары мәліметті көбіне орыс тілінде таратады. Ал кейбірінде "қазақ тілін" таңдау тетігі мүлде жоқ. Тіл жанашырларының айтуынша, қоғамдық ұйым өкілдері тіл туралы заңды елемейді. Себебі қауымдастық пен одақ басшылары қай тілде еркін сөйлесе, ақпарат та сол тілде жарияланады деп ашынады олар, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі 31-арнаның “Информбюро” бағдарламасына сілтеме жасап.  

сайттар

Әлия Серікбаева – Алматы қалалық адвокаттар алқасының мүшесі. Айтуынша, қазір салалық сайт көбіне тек орыс тілінде ғана ақпарат таратып жүр. Бұл жағдай көптеген қиындықтарға әкеп соққан. Яғни тіл білмейтін не жетік түсіне бермейтін мамандар өзекті проблемаларды талқылаудан тыс қалып жатыр. Іс-қағаздарда да мемлекеттік тілдің рөлі төмен. Мәселен, республикалық адвокаттар алқасының сайтында 34 ұстаным орыс тілінде жарияланса, қазақ тіліндегісі біреу ғана. Сонымен қатар қалалық алқаның сайтына салынған мәлімет толық аударылмайды екен. 

“Қаланың өзінде адвокаттардың көбісі орыс тілін мүлдем білмейді. Неге осылар орыс және қазақ тілдерінде тең талқыланбайды деген сұрағыма "У нас рабочий язык русский" деп жауап берді. Тіпті осы "Жаңа Қазақстан – жаңа адвокатура" концепциясының өзі бізге орыс тілінде жолданды”, – деп мәлімдеді Алматы қалалық адвокаттар алқасының мүшесі Әлия Серкебаева. 

Тіл жанашырларының сөзінше, түрлі сала өкілдері бас қосып, диалог құратын, шешімдерін жариялайтын сайттарда ақпарат орыс тілінде ұсынылады. Мәселен, "Заңгерлер одағының" сайтында ақпарат мемлекеттік тілде ақпарат жарияланған. Бірақ қазақ тілді оқырманға арналған арнайы беті жоқ. Яғни "О нас, новости, контакты" деген бөлімдердің барлығы тек орыс тілінде. Ал салық төлеушілер, жиһаз және ағаш өңдеу, риэлторлар қауымдастығының онлайн платформалары жаңалықты тек орыс тілінде таратады екен. Яғни қазақша ақпар жоқ. Тіл жанашырлары мұндай жағдайдың талап болмағандықтан орын алып жатқанын айтады. 

“Қазір бізге заң қолбайлау болып отыр. Мысалы, кәсіпкерлерді тексеруге мораторий жарияланғалы бері біз тіпті кәсіпкерлік нысандарына барып, мынаны қазақша түзет, мына жері қате немесе неге қазақ тілінде жазбаң жоқ деп айта алмайтындай деңгейге жетіп отырмыз”, – дейді тіл жанашыры Данияр Жұмаділ. 

Тіл жанашырлары бұған қоғамның да кінәсі бар екен қосып өтті. Әрі заңды түрде талап қойылмай мәселенің шешім табу қиынға соғады. Ал Алматы қалалық адвокаттар алқасының өкілдері сайтта мәлімет екі тілде де жарияланады деді. Сондай-ақ әр ақпарат дер кезінде жаңартылып отырады екен. 

Талқылау