Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"TikTok-та танымал болу үшін": Қарағандыда шатыр шетіне кірпіш қойып жүрген жасөспірім ұсталды

Қарағандыда шатыр шетіне кірпіш қойып жүрген жасөспірім ұсталдыФото: Видеодан скрин

Қарағандыда TikTok желісінде танымал болу үшін тұрғындардың өміріне қауіп төндірген жасөспірім ұсталды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі 31-арнаның “Информбюро” бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды. 

15 жастағы оқушы көпқабатты үйлердің төбесіне шығып, жиегіне кірпіштерді тізіп, өз әрекетін бастан-аяқ видеоға түсірген. 

Жеткіншектің бет-ауызын тұмшалап, кірпіш толы сөмкесін арқалап жүргені бейнебақылау камерасына іліккен. Ол бірнеше үйдің шатырына көтеріліп, кесек тастарды құлайтындай етіп тігінен қойған. Яғни, жеткіншек жел соқса құрылыс материалының жерге құлап, өтіп бара жатқан адамға зақым келтіргенін желі қолданушыларына көрсеткісі келген. Осылайша желіде оқырман жинамақ болыпты. Абырой болғанда, бұл жағдайдан ешкім зардап шекпеді. Ал полиция азаматтардың өміріне қауіп төндірген жасөспірімді есепке алып, ата-анасын әкімшілік жазаға тартты.

“Тәртіп бұзушы 15 жастағы қала тұрғыны болып шықты. Ол заңды өкілімен полицияға жеткізілді. Жасөспіріммен профилактикалық әңгіме жүргізіліп, мектепішілік есепке алынды. Ал оның заңды өкіліне байланысты “Кәмелетке толмағанның бұзақылығы” бабымен әкімшілік іс қозғалып, айыппұл салынды”, – деп мәлімдеді полиция департаменті.

Еске салайық, бұған дейін полиция тұрғын үйдің шатырының шетіне қасақана кірпіш қойып кеткен жасөспірімдерді іздеп жатқаны туралы жазған едік.

Айым Болатқызы
Жұма, 12 Қыркүйек, 2025 08:29
Талқылау