Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Тик-Токқа құмар жасөспірімдер педофилдердің құрығына түсуде

Тик-Тоққа құмар жасөспірімдер педофилдердің құрығына түсуде, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі Еуразия бірінші арнасына сілтеме жасап. 

Соңғы уақытта трендке айналып кеткен, жастарды қызықтырып, басқа желілерден басып озған Тик-Ток пайда болды. Бұл әдеттегі әлеуметтік желілерден өзгеше. Жазылушылар әртүрлі әндерге видео түсіріп жарыса жариялауда. 

"Мен өзім де Тик-Ток түсіріп бастап жүрмін. Негізі бұл адамға билеуді үйретеді, әртістікке қызығатын жастар болады. Өзіне хобби ретінде алып жүргісі келеді. Өзін халыққа танытудың бір жолы - Тик-Ток десем қателеспеймін", - дейді вайнер Нұрдәулет Есболған. 

Тек жастар арасында ғана емес, тіпті билік өкілдерінің де арасында Тик-Ток танымалдылыққа ие болып тұр. Алайда, бұл психикалық ауытқу тудыруы мүмкін дейді мамандар. 

"Жастар психикасы толық дамымағандықтан кейбір кезде жақсы мен жаманды дұрыс ажырата алмайды. Лайк қойып, пікір жазып жатыр, сұраныс бар деп ашық-шашық контент ұсынуы да мүмкін. Мен мини белдемшемен түссем көп лайк жинайды екенмін, солай жасайын деген секілді", - дейді психолог Ержан Мырзахмет.

Тіпті әлемде ашық-шашық киініп, бұрала билегендерді Тик-Ток арқылы жаман пиғылдылар тауып алып, зиянын тигізіп жатқан көрінеді. Бұл үрдіс елімізге жете қоймағанымен, Тик-Тоққа құмар жасөспірімдер педофилдердің құрығына түсіп қалуы әбден мүмкін.

"Жастар қай жерге баратын болса, жаман пиғылды адамдар да сол жерге барады. Олардан құтылудың жолы ата-ана тарапынан баланың контентін қадағалау. Жаман пиғылдыларға жем болмауын қамтамассыз ету", - деп ата-аналарға кеңес берді психолог.

Талқылау