Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Терроризмге жәрдем берді деп айыпталған": Иракта өмір бойына сотталған қазақ әйелдер ел үкіметінен көмек сұрады

Иракта өмір бойына бас бостандығынан айырылған алты әйел ел үкіметінен көмек сұрап, Қазақстанға қайтаруды сұрайды. Олар жазасын Ирак астанасы Бағдат қаласындағы түрмеде 8 жылдан бері жазасын өтеп жатыр. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Курсив Медиа басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Фото: shutterstok.com

"Воздух свободы" қоғамдық қорының жетекшісі Жанна Умированың айтуынша,  бұл әйелдер 2021 жылдан бері ауыр жағдайда қалған. Олар "жазықсыз" екенін алға тартып, бостандыққа шығаруды талап етіп, түрмеде аштық жариялапты. Жағдайлары нашарлап кеткен. Түрме әкімшілігі оларға медициналық көмек көрсетпепті.

"2024 жылдың қазан айынан бері біз бұл әйелдердің үстінен қозғалған қылмыстық істерді қайта қарау үшін жұмыс жүргізіп жатырмыз. 2017 жылы дүрбелең жылы болды. Көп нәрсе түсініксіз болды. Жастарымыздың дені адасты. "Діні үшін қыспаққа түспейтін мемлекетті" іздеді. Бірақ олар үлкен бәлеге тап болды", – дейді Жанна Умирова.

Оның сөзіне қарағанда, билік өкілдері отандастарымызды елге қайтаруға күш салатынын, Бас прокуратураның сегіз жылдан бері бұл іспен айналысып жатқанын айтқан. Бірақ Жанна Умирова бұған күмән келтіріп отыр. Ол "бұл әйелдерді ДАИШ-тің жақтастары" деп қарауға болмайтынын айтады.

Астанада өткен баспасөз мәслихаты кезінде Ирак түрмесінде жатқан әйелдердің бейнеүндеуі көрсетілді.  

"Біз қателік жасағанымызды түсінеміз. Біз соғысуға емес, күйеулерімізбен бірге еріп келген едік. Отанымызға, туыстарымызға оралып, жаңа өмір бастауға көмектесулеріңізді сұраймыз", – делінген үндеуде.

Оралдық сотталған қыздың бірі Роза Мансұрованың анасы Мәрзия Медетова қартайған шағында немерелерін жалғыз бағып отырғанын айтты.

"2013 жылы олар балаларын алып елден кетіп қалды. 2019 жылы үш баланы әкеліп берді. Соларды қазір бағып отырмын. Қызымызбен байланысып тұрамыз. Басқа қыздардың көбінің ата-анасы келе алмады. Барлық ата-аналардың атынан жан айқайымызды жеткізгім келеді", – деп, ол қызын елге қайтаруға мемлекеттен араша түсуді сұрады.

Жанна Умированың айтуынша, алты әйел Сирияға әр ел арқылы жеткен. Бірі – Ресей арқылы, бірі Әзербайжан арқылы ұшқан. Ол кезде жастары он сегіз, он тоғызда ғана болған жас келіншектер күйеулерінің соңынан сөзге келмей ілесіп кете барған екен.

Адвокат Жамбыл Жолгелдиевтің айтуынша, Ирак билігі қазақ әйелдерді "терроризмге жәрдем берді" деп өмір бойы бас бостандығынан айырған.

"Бірақ, олардың террористерге көмектесу ниеті болмаған" – дейді адвокат

Талқылау