Террористерге қарсылық көрсете алмаған ақтөбелік полицейлер айыпталып жатыр
Ақтөбенің жергілікті полиция қызметі басшысымен оның орынбасары енді сот алдында жауап бермек. Прокурорлар оларды жазда содырлар сойқан салғанда «қол қусырып қарап отырды» деп айыптауда, деп хабарлайды КТК арнасының сайты.
32 жастағы Мақсат Шляшевтың Ақтөбедегі полиция қызметін басқарғанына жылға толған жоқ. Оған дейін учаскелік инспектор мен тергеуші болып істеген ол орынбасары екеуі лаңкестік оқиға кезінде абдырап қалған сияқты. Соның кесірінен қарамағындағылардың әрекетін жөнді басқара алмаған. Содырлар қару-жарақ дүкеніне шабуылдаған соң әскери бөлімге дейін еш кедергісіз жеткен.
Көше бойындағы автобусты басып алғанда оларға ешкім тосқауыл болмаған еді. Қауіпсіздікті сақтауға еш шара қолданбаған Мақсат Шляшев пен Ермек Шоқановтың ісін тіпті Бас прокурордың өзі бақылауына алыпты. Ақтөбеге тергеуге арнайы өкілдерін жіберген. Егер кінәлары дәлелденсе шенді қос полицей 8 жылға дейін сотталулары мүмкін.
Белгісіз адамдар тобы қаладағы екі қару-жарақ дүкеніне шабуыл жасап, нәтижесінде бейбіт қала тұрғындары мен әскери қызметкерлер оққа ұшқан. Қалада террорға қарсы операция режимі енгізілді. ІІМ мәліметінше 13 қарақшының жолы кесілген. Соңғы деректер бойынша шабуыл кезінде жалпы саны 7 адам көз жұмған. Ішкі істер министрлігі күдіктілердің діни радикалды ұйымға қатысы барболуы мүмкін деп атады.
Ақтөбедегі теракт барысында қарапайым қала тұрғындары мен әскери адамдар запа шегіп, өмірлерімен қош айтысты.