Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Терісі шіріп, өкшесі тесіліп қалған": Жамбыл облысына әскерге барған сарбаз 7 айдан бері төсек тартып жатыр

Шымкент қаласынан Жамбыл облысына әскерге сау аттанған сарбаз мүгедек болып қалған. Ахметали Жәдігердің анасының айтуынша қазір 19 жастағы жігіттің құлағы естімейді. Бір көзі мүлде көрмей қалған. Сорақысы денесінде адам шошырлық жаралар пайда болған. Ал дәрігерлер бұған нақты диагноз қоя алмай жатыр екен. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Бір жыл бұрын әскерге аттанған жас жігіт ертең үйіне оралуы тиіс еді. Алайда ауруы асқынып, емхнада жатыр. Ахметалидің анасы бұндай сұмдықтың орын алуына "Жасөркен" шекара заставасын кінәлайды. Өйткені, Ахметали Жәдігердің қаңтар айының басында қызуы көтеріліп, ангинасы асқынған. Бірақ сондағы  ақ халаттыларға айтқанымен, дәрігерлер қажетті ем-дом жұмыстарын жүргізбепті. Осылайша ауруы асқынып, кейіннен жан сақтау бөлімінен бірақ шыққан.

"Мен әскерге дені сау, көзі көретін, құлағы еститін бала бергенмін. Әскери қызметкерлер баламды мүгедек етіп отыр! Балама ем-дом көрсетпей, немқұрайлы қарады. Тіпті жан сақтау бөлімінде жатуға дейін жетті. Бірінші осы шекараның емдеу бөлімінде бір тәулік жатты. Екінші Тараздағы инфекциялық ауруханаға ауыстырылды. Одан кейін Алматы қаласындағы госпитальда 6 ай жатты. Баламның беті бері қараудың орнына ары қарап бара жатыр", - дейді сарбаздың анасы Ұлжан Жәдігерова.

Жанары жасқа толған ана бүгін Тараз қаласындағы шекара басқармасына қайта келді. Келіншек "әскерилер емдеп бере алмайтын болса, ұлымды өз қолыма берсін. Жеке клиникаға көрсетіп, тексертемін" дейді. Әрі дәрігерлер баласының денсаулығына немқұрайлы қарағаны үшін өтемақы сұрайды. Тіпті Сарбаздың Алматыдағы жағдайы ушыққасын терісі шіріп, өкшесі тесіліп қалған. 

"Балам “мама мұнда застава суық, балалардың бәрі бушлакпен ұйықтайды. Мұздай сумен шомыламыз” деп айтқан болатын. Ангинаны емдей алмау, бұл дәрігерлердің салғырттығы. Күлкім келеді. Ұлым осы саланы қалайтын. Әскери адам болғысы келетін" - дейді сарбаздың анасы Ұлжан Жәдігерова.

Бұған дейін талабын айтқан әйел мекеме басшылығынан қоқан-лоқы көргенін айтады. Олар істі осылай жылы жабуға тырысыпты. Бүгін де кездесуге қайта шыққан басқармадағылар жауынгер бізден кеткендіктен басқа сұрақтар біздің құзырымызда емес деп отыр. Ал қызметін асыра пайдаланды деп әріптестеріне тағылған айып бойынша құзырлы органдарға арыз жазыңыз деп қысқа қайырды. 

"Шекара қызметі тарапынан ондай мүмкіндік қарастырылмаған. Бізде белгіленген госпитальдар бар. Ары қарай қандай ем қолданылады, қандай тактика қолданылады, қандай медикамент қолданылады, мен медик емеспін. Сондықтан мен оған жауап бере алмаймын. Сол сұрақтарыңыз болатын болса Алматы қаласы бойынша госпитальға барып жүгініңіздер", - деді ҰҚК шекара қызметі Жамбыл облысы бойынша департамент бастығының тәрбиелік идеологиялық және жұмыстар жөніндегі орынбасары Саят Шубаев.

Жеті ай бойы сабылып жүгіріп шаршадым деген ана әділдік үшін соңына дейін күресетінін айтады. Бүгінге дейін президенттен бастап, бас прокуратураға дейін арыз жазған. Ал жауапты мамандар қазір бұл мәселеге қатысты арнайы тексеру басталғанын мәлім етті.

Хан Анарбеков

Талқылау