Тергеу изоляторында отырып шыққан журналист Козачков: "Қазақстанның басты дерті - есірткі"
Журналист Михаил Козачков тергеу изоляторында болған кездегі оқиғалары туралы мәлімдеп, елімізде есірткі мәселесі өршіп тұрғанын айтты деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
Козачков өз Telegram-арнасында тергеу изоляторында болған кезін жағымсыз, бірақ пайдалы тәжірибе деп атады. Ол соның ішінде Қазақстанның ең басты дерті не екенін түсінгенін түсіндірді.
“Мені рейдерлік жасады деп айыптап, қылмыстық топтың қатысушысы деп атады, содан кейін екеуіне де, қатысым жоқ екені белгілі болды. Бұл – мен үшін тәжірибе. Темір тордың артында адамдармен тоқтаусыз сөйлесіп, шахмат ойнадым, әңгімелер тыңдап, көп нәрсені түсіндім. Дәл қазір елдегі басты мәселе – экономикалық дағдарыс, ескі ЖЭО емес, тіпті сыбайлас жемқорлық та емес. Негізгі мәселе – есірткі”, – деп жазды журналист.
Оның айтуынша, бірге отырған сегіз сотталушының төртеуі меф пен кокс (есірткінің бір түрі – ред.) үшін сотталған. Журналист есірткімен ұсталғандарға нашар қарым-қатынас көрсетіліп, оларды “алыпсатар” деп келемеждейтінін айтты.
“Күнде бір нанды бөліп жеген жігіттермен әңгімелесе отырып, неге мұндай ақымақтыққа барғанына қанық бола бастадым. Біреуінің анасы зағип, ал әкесі жоқ. Мамандығы болғанымен, отбасын асырауға жетпейді. Екіншісінің әкесі жоқ, үшіншісі жетім. Олар жоғары білім алмаған және аңғал келеді. Сол аңғалдығы үшін 10-14 жыл бас бостандығынан айырылады”, – деп түсіндірді Козачков.
Айтуынша, есірткімен ұсталғандар кінәсін мойындаса 10-11 жыл, кінәсін мойындамаса 12-14 жылға бас бостандығынан айырылады.
Сондай-ақ тергеу изоляторында болған журналист қамаудағылармен достасып, оларға қолдау білдіргенін де атап өтті.
“Мен оларды эскобарлар деп атайтынмын, ал олар мені коуч-мотиватор дейтін, өйткені мен осы жерден шыққаннан кейінгі болашақ туралы айтып, тағы бір мүмкіндіктері бар екенін жазып кеттім”, – деді ол.
Ішкі істер министрі Марат Ахметжановтың наурыз айындағы Үкімет отырысында айтуы бойынша, 2022 жылы үш мыңға жуық есірткі қылмысы анықталды. Олардың 60%-ы есірткі сату және тасымалдаумен ұсталды.
“Төрт есірткі тобының қызметі тоқтатылды. 70 жасырын нарколаборатория таратылды. 16 тонна есірткі тәркіленді, оның ішінде 5,7 тонна марихуана, 918 кг гашиш, 102 кг героин, 582 кг синтетика", – деп мәлімдеді министр.
Денсаулық сақтау вице-министрі Тимур Сұлтанғазиевтың айтуынша, елімізде 18 243 адам есірткіге тәуелділік бойынша есепте тұр. Оның ішінде 1498-і әйел және 97-сі кәмелетке толмағандар. Алайда сарапшылардың пікірінше, еліміздегі нашақорлардың саны ресми деректерден бес есе көп.
Естеріңізге салсақ, Михаил Козачков Коспаевтың ұйымдасқан қылмыстық тобына рейдерлік басып алулар жасауға көмектескен деген күдікпен ұсталған еді. 2022 жылдың желтоқсанында қамауға алынған журналист Михаил Козачков ақпанда тергеу изоляторынан үйқамаққа ауыстырылды. Алматы соты оны шартты түрде 3,5 жылға соттады.