Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Теңіз кенішінде жұмысшылар жаппай тамақтан уланды

Атырау облысындағы Теңіз кенішінде жұмысшылар жаппай тамақтан уланды. Астан ұшынған 11 науқас дереу Жылыой ауданындағы инфекциялық ауруханаға жеткізілген, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі “КТК” арнасына сілтеме жасап.

Одан бөлек тағы жиырмадан астам мұнайшы өздерін жайсыз сезініп, дәрігердің көмегіне жүгініпті. 

Астан ұшынғандардың бәрінің жаппай жүрегі айнып, құсып, іштері өткен. Тіпті дене қызуы 38 градусқа дейін көтерілген. Оларға “Тағамдық токсикоинфекция” диагнозы қойылды. 

Аурухана төсегіне таңылғандар "Isker" мердігерлік компаниясының жұмысшылары. Ал, асханасы “Каз Пром Строй Инжиниринг” серіктестігіне тиесілі екен. Қазір асхана жұмысы уақытша тоқтап, тексеру жүріп жатыр. Тағамдардан алынған сынамалар “Ұлттық сараптама орталығының” зертханасына жіберілді. 



"Барлығы да бір жерден тамақ ішкен. Іскер ЖШС-гі жұмысшылары болғандықтан бір коллектив деп саналады. Барлығы бір жерден таңғы асты да, түскі асты да, кешкі асты да бір жерден тұтынады екен. Ол “Каз Пром Строй Инжиниринг” жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне тиесілі. Барлығын сұрастырғанда жұмысшылардың шағымы бірдей. Аурудың клиникалық белгілері бір. Бір тамақтан уланған", - дейді Атырау облысының Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Әлия Бекешева.

Еске салайық, осыған дейін Теңіз кен орнында құбыр жарылған болатын. Салдарынан екі жұмысшы қаза тауып, үшеуі жарақат алды.

Талқылау