Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Теңіз кешеніндегі жарылыс: 4000-ға жуық қызметкер демалысқа жіберілді

Қазақстандағы ірі мұнай кеніштерінің бірі Теңізде 6 шілдеде жарылыс болып, екі жұмысшы қаза болды, үш адам ауруханаға түскен болатын. Сынақтарды жүргізген мердігер өз жұмысын уақытша тоқтатты. 4 мыңға жуық жұмысшы демалысқа жіберілді, деп хабарлайды Lada.kz сайтына сілтеме жасап Stan.kz.

Өндірістік байланыс менеджері Гүлмира Бапанованың айтуынша, жантүршігерлік оқиға "Сенімді құрылыс" ЖШС жұмысшыларының ауысымының аяқталуына екі күн қалғанда болған.

"Оқиғадан кейін жұмыс жартылай тоқтатылды, бұл күндері еңбекақы төленетінін ескеріп, жұмысшылар үйлеріне жіберілді. Оқиғаның себебін анықтау үшін арнайы комиссия құрылды. Бұл біз үшін бірінші рет болып отыр. Компания қауіпсіздік ережелеріне үлкен мән береді", – деді Гүлмира Бапанова.

"Сенімді құрылыс" серіктестігі Теңіз кен орнында 30 жыл мердігер болып, құрылыс жұмыстарын жүргізіп келеді.

Зардап шеккендердің жағдайын облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Асхан Байдувалиев айтты.

"Қазір зардап шеккендердің бірі облыстық аурухананың жансақтау бөлімінде жатыр. Оған шұғыл ота жасалды. Құрманғазы ауданының 1996 жылы туған тұрғынының барлық ішкі мүшелері жарылыстан зақымданған, сондай-ақ, омыртқасы мен бірнеше қабырғасы сынған, оның қазіргі жағдайы өте ауыр", – деді Асахан Байдувалиев.

Оның айтуынша, 1998 жылы туған екінші жәбірленушіге алғашқы психологиялық көмек көрсетілген. Психологтардың жұмысы жас жігіттің күйзелістен шығуына көмектесті. Енді ол есін жиды.

Ал Жылыой аудандық ауруханасына жеткізілген үшінші зардап шегушіге келсек, науқас қолхат бойынша үйіне қайтты.

Еске салайық, 6 шілде күні таңертең Теңіз кен орнында құбыр жарылған болатын. Салдарынан екі жұмысшы қаза тауып, үшеуі жарақат алды.


 

 

Талқылау