Теңіз кенішінде қайта мұнай өндіріле бастайды

Қазақстанның Энергетика министрлігі Теңіз кен орнында өндірістік жұмыстардың қайта басталғанын мәлімдеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Оперативтік штабтың мәліметінше, 31 қаңтарда сағат 03:35-те бірінші ұңғыма (ГЗУ-52) сәтті ашылды. Технологиялық қондырғылар (PBF нысаны) іске қосылып, қалыпты режимде жұмыс істеп тұр.
Қазір 5 ұңғыма іске қосылды. “Теңізшевройлдың” техникалық қызметтері келесі топтық өлшеу қондырғысын (ГЗУ-53) іске қосуға дайындап жатыр. Алдымен жүйенің параметрлері тұрақталып, барлық процестердің қауіпсіздігі толық қамтамасыз етілуі тиіс.
26 қаңтарда, екінші буындағы зауыт сәтті іске қосылған еді. Оның жұмысы қазірдің өзінде қызмет етіп тұрған Корольдік кен орнынан алынатын шикізатпен қамтамасыз етіледі.
- Қазақстан Chevron компаниясымен Теңіз кен орны бойынша келіссөздерді бастады
- Теңізде жұмысшылар жалақыны 50 пайыз көтеруді талап етті
Энергетика министрлігі мен “ҚазМұнайГаз” АҚ жобаның операторына жоспарлы қуатқа шығу мерзімін қысқарту үшін барлық бағытта көмек көрсетіп отыр. Қалпына келтіру жұмыстарын өндірістік нысандарда үйлестіру үшін Энергетика вице-министрі Қайырхан Тутқышбаев арнайы бақылауға алды. Жағдай тұрақты бақылауда, басымдық өндірістік қауіпсіздік талаптарының қатаң сақталуына беріліп отыр.
Бұған Атырау облысында Теңіз кен орны аумағында өрт шыққаны туралы жазған едік.