"Теңгенің құлдырауына негіз жоқ": Қаржы сарапшысы доллар бағамының өсуіне қатысты пікір білдірді
18 қараша таңертеңгі мәлімет бойынша теңгенің құны 1 долларға шаққанда 495,95 теңгеге саудаланып жатыр. Жалпы ұлттық валюта бағамы қалай құбылады, алдағы уақытта қаржы саласында қандай құбылыстар болуы мүмкін, деген сауалдарға қаржы сарапшысы Айбар Олжай жауап берді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі 24.kz арнасына сілтеме жасап хабарлайды.
Сарапшының сөзінше, долларға қатысты бүкіл әлемдік валюталар құлап жатыр.
“Біздің теңгенің коррекциясы Қазақстан экономикасы дәл қазір әлсіреп, қандай да бір қиындыққа ұшырап жатқанын білдірмейді. Бұл таза сыртқы фактор. Өйткені Трамп әу баста өзінің экономикалық бағдарламасында, “федералдық резерв ставкасын жоғары көтеремін, доллардың құнын көтеремін және Америкалық компанияларға нарықтан префинанстар беремін” деді. Трамп келгелі сол жалғасып жатыр. Еуро, юань дегендер долларға құлап жатыр. Еуроның өзі 1 айдың ішінде 2,17 пайызға құлап кетті. Әрине теңге үлкен дүрмектің ішінде. Сондықтан теңгенің әлсіреуін байқап отырмыз”, – дейді сарапшы.
Сарапшының сөзінше, мұны теңгенің әлсіреуі емес, доллардың күшеюі деп айтуға болады.
“Бұл Трамптың федералды резерв жүйесімен айқасы қалай болады, жүйе, ставканы көтер дегенмен келісе ме, соған байланысты болады. Өйткені қазір мұнайдың бағасы 71 баррель шамасында, қатты құлап кеткен жоқ. Ұлттық банк қатты шок болып жатса интервенция жасаймыз деген. Интервенция жасамай-ақ қазір бізде биржада осы айда 1,3 миллиард долларды конвертацци жасаймыз. Ол теңгеге ауыстырылып, үлкен көмек болады. Одан бөлек валюта қорынан 140 миллион доллар теңгеге ауыстырылады. Ол енді жоспарлы жұмыс. Дәл осы кезде БЖЗҚ активтеріне доллар алынбайтын болды. Демек теңгеге деген сұраныс осы аптада күшейеді. Өйткені 20 қарашада салық аптасы басталады. Біздің сарапшылар долларды теңгеге айырбастайды. Өйткені салықты теңгемен төлеу керек”, – дейді сарапшы.
Сондай-ақ сарапшы салық аптасы теңгенің көтерілуіне түрткі болатынын айтты.
“Осы аптада теңге 490-492-ге қайта оралуы мүмкін. Ұлттық банктің айтуынша, теңгенің қатты құлайтынындай негіз жоқ. Қазіргі жасалып жатқан конвертациялар теңгеге үлкен көмек беруі керек. Салық аптасы жеті күн жүріп, теңгеге түрткі болады”, – дейді сарапшы.
Айта кетейік, бұған дейін Елімізде доллар бағамы 500 теңгеге жеткен еді.