Ұлттық банк теңгені ұстап тұрудың жолын тапты: Мемлекеттік компаниялар валюталық кірістің жартысын сатуға міндеттеледі
Қазақстанда доллар бағамының көтерілуіне орай Ұлттық банк квазимемлекеттік сектор субъектілерінің валюталық түсімдерінің 50 пайызын сатуды қайта бастады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Ұлттық банкі төрағасының орынбасары Әлия Молдабекованың айтуынша, теңгенің әлсіреуіне сыртқы және ішкі факторлардың үйлесуі себеп болды.
"Сыртқы сектордағы жағдай әлі де күрделі болып отыр. Бұл жоғары құбылмалылық пен жаһандық экономикадағы қатерлердің сақталуымен байланысты. АҚШ доллары дамыған және дамушы нарықтардың валюталарына қатысты нығаюын жалғастырды. DXY индексі қыркүйек айынан бері 5,5% артып, 106,2 тармаққа дейін жетті. ЕМ (дамушы нарық) валюталарының индексі қыркүйек айының соңынан 4,1% төмендеді", – деді Молдабекова.
Сондай-ақ ол мұнай нарығында да пессимистік көңіл-күй байқалып отырғанын жеткізді.
"Бұл әлемдік сұраныстың баяу қалпына келуі мен ОПЕК+ тарапынан ұсыныстың өсуі күтілуіне байланысты. Соның нәтижесінде мұнай бағасы барреліне 71-72 АҚШ доллары деңгейіне дейін төмендеді", – деді Молдабекова.
Молдабекованың айтуынша, ішкі валюта нарығында экономикалық агенттер тарапынан шетел валютасына сұраныстың артуы және валюта нарығында, оның ішінде квазимемлекеттік сектор тарапынан ұсыныстың шектелуі байқалады.
"Шетел валютасына сұраныстың өсуі жалпы экономикалық белсенділіктің, оның ішінде сыртқы экономикалық белсенділіктің артуына байланысты. Сондай-ақ оған бюджет шығыстарының артуы мен квазимемлекеттік компаниялардың инфрақұрылымдық және инвестициялық жобаларға шығындарының ұлғаюы себеп болып отыр. Осы фактордың барлығы импорттың өсуіне, сәйкесінше, шетел валютасына сұраныстың артуына ықпал етеді", – дейді ол.
Ұлттық банк төрағасының орынбасары валюта нарығындағы сұраныс пен ұсыныс теңгерімінің бұзылуы инвестициялық ахуалға кері әсерін тигізетінін жеткізді. Сондай-ақ инвестициялық жобалардың қымбаттауына және жалпы инфляциялық қысымның артуына алып келеді дейді.
"Валюта нарығындағы тепе-теңдікті арттыру мақсатында квазимемлекеттік сектор субъектілерінің валюталық түсімдерінің 50%-ын міндетті түрде сату талабы қайта енгізіледі. Қазақстан үкіметінің тиісті қаулысы мен ұлттық Банктің бұйрығы әзірленіп, жақын күндері қабылданады", – деді Молдабекова.
Бұған дейін бұл талап 2023 жылдың тамызына дейін қолданыста болған. Алайда макроэкономикалық жағдайдың өзгеруіне байланысты уақытша тоқтатылған еді.
Еске салайық, Астанада ақша айырбастау пунктерінде доллар бағамы орташа есеппен 500,02 теңгеге, Алматыда 499,28 теңгеге жеткен еді.