Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қырықбай Әлсейітұлы: Теміржол саласында тағы бір жарқын кезең басталды

ҚТЖ

Қазақстан темір жолы" ҰК" АҚ ардагерлерінің консультативтік кеңес мүшесі, Семей жол бөлімшесі бойынша ардагерлер кеңесінің төрағасы, қоғам белсендісі Қырықбай Әлсейітов саланың қазіргі жағдайы туралы сұхбат берді.

ҚТЖ

– Қырықбай Әлсейітұлы, әуелгі кезекте ел Тәуелсіздігінің алғашқы жылдарындағы  Қазақстан теміржолы жайлы естеліктермен бөліссеңіз.

– Иә, өткенге үңілмей бүгінгі күннің жетістігін бағалау қиын. Кеңестер одағы ыдырағанда ерекше ықпал сезінген бірден-бір сала теміржол дер едім. Себебі, одақ елдері арасында экономикалық байланыс үзіліп, зауыттар мен ірі өндіріс орындары жабылып жатты. Тапсырыс саны төмендеп, теміржолдағы жүк айналымы күрт азайды. Осындай қысылтаяң кезеңде бөлімше басшылығы назарға алған басты мәселе жұмысшыларды қысқартпай, мүмкіндігінше мамандарды сақтап қалу болды. 

Мен ол кезде Семей темір жолының бас инженері едім, сондықтан бәрі көз алдымда өтті. Айта кетерлігі, саудаға кетіп, базар жағалап коммерциямен айналысқандар көбейген шақта біздің бөлімшеде бірде бір теміржолшы кәсібін ауыстырған жоқ. Негізгі контингентті сақтап қала алдық. Рас, желі бойындағы мекемелерде қысқартулар орын алды, алайда, біз бірінші кезекте зейнет жасындағыларды ғана босатып, әсіресе жас мамандарды сақтап қалуға тырыстық. Кейбірі түрлі себептермен басқа қалаларға көшіп жатты. Оңтайластыру жұмыстарын жүргізіп, олардың орнына тәжірибелері қалыптасқан өз мамандарымызды тарттық. Ел экономикасы айтарлықтай деңгейде тұралап қалған сол қиын кезде біз ертеңгі күнге деген сеніммен еңбек еттік. 

Бір айта кетерлігі, еліміздегі барлық сала құлдырауды бастан өткізген шақта тек теміржол ғана қарқынын жоғалтпады. Сол кезеңдегі аға буын өкілдері жүк және жолаушылар пойызының ағынын тоқтатқан жоқ.

Бүгінде, міне, әл-ауқатымыз артып, жаңа бастамалар мен түрлі реформалар жасалынып, теміржолшылардың әлеуметтік жағдайына да баса назар аударылуда. Мен осыған қуанамын.

– Осы орайда отандық теміржол саласындағы тың жобалар мен реформаларға қаншалықты көңіліңіз толады?

– Жалпы өңірімізде соңғы жылдары көптеген іргелі жобалар сәтімен жүзеге асырыла бастады. Аймақтың теміржол саласындағы оң өзгерістер тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында-ақ басталған болатын. Ақсу-Дегелең, Шар-Өскемен телімдері соның айқын дәлелі. Республиканың әлеуметтік-экономикалық өмірі үшін маңызы зор жобалардың тұсауы кесіліп, көптеген жаңа нысандар пайдалануға беріле бастады. Қазірдің өзінде бірнеше алып жоба қолға алынған.

Біз, ардагерлер қауымы, теміржол саласындағы әрбір жағымды жаңалықты қуанышпен қабылдаймыз. Еліміздің теміржол саласында 1300 шақырымды құрайтын 4 ірі инфрақұрылымдық жобалардың іске асырылып жатқаны салалық қызметте тағы бір жарқын кезеңнің басталғанын айғақтайды. Президентіміз еліміздегі транзит - жүк тасымалы халықаралық бәсекеде артықшылыққа ие екенін, оны тиімді пайдалану керектігін жиі айтады. Бұл орайда жаңадан құрылған Абай облысында тың жобалар көптеп қолға алынуда. Көлік инфрақұрылымына салынып жатқан әрбір инвестицияның да қайтарымы мол болары анық. 

Соңғы жаңалықтардан түйгенім, ұлттық компания елімізді Еуразия құрлығындағы транзиттік хабқа айналу үшін әр көптеген іргелі жобаларды жүзеге асырып жатыр. Теміржол және транзит саласында да Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша ірі инфрақұрылым жобалары қарқынды жүруде. Бұл жайт сөз жоқ өз кезегінде тасымал саласының дамуына оң ықпал етеді. 

Ел шығысындағы сәтімен жүзеге асып жатқан жаңашылдықтардың бірі - ұлттық компания тарапынан қолға алынған теміржол тасымалын цифрландыру жобасы дер едім. Аймақтағы жүктің 80 пайызы теміржол арқылы тасымалданады десек, бұл бастаманың нәтижесі де ауқымды екенін бағамдау қиын емес.

– Қырықбай Әлсейітұлы, 66 жылдық еңбек жолыңыздың басым бөлігі басшылық қызметтерде өтіпті. Еліміздегі теміржол саласындағы басқару, ұйымдастыру жұмыстары туралы пікір-пайымыңыз қандай?

– Бүгінде ұлттық компаниядағы кадр саясаты дұрыс жолға қойылған деп ойлаймын. Сонау 90 жылдары отандық теміржол саласындағы жоғарғы басшылыққа көбесе бизнес саласында мол тәжірибесі бар азаматтар келетін. Ұйымдастыру жұмыстары нәтижелі жүргізілгенімен техникалық процестерді басқару мен тиімділігі мол жаңа бастамаларды жолға қоюда кемшін тұстар болатын. Ал, қазіргі күні теміржолда тек осы салада шыңдалған азаматтар іс басына келуде. Сала маманының қалыптасқан ахуалды бағамдауы, жоспарлар құрудағы стратегиялық ойлау қабілеті, тіпті, шешім қабылдауы да өзгеше болады. Теміржолда өркендеу мен жаңғырудың жаңа кезеңі басталған бүгінгі таңда осындай азаматтардың басшылыққа келуін кадр таңдауда мол тәжірибесі бар байырғы басшы ретінде құптаймын.

– Сұхбатыңыз үшін көп рахмет...

STAN.KZ
Бейсенбі, 24 Шілде, 2025 10:18
Талқылау