Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Теміртауда жаңадан салынған үйдің сапасы сыр беріп, тұрғындар тоңып отыр

Теміртаудағы жаңадан салынған үйдің сапасы сыр берді. Пәтерлердің температурасы – -8 градус. Жаңа үйдің цементтен жасалған сатыларының өзі мүжіліп кеткен.

Бұл туралы “Еуразия” арнасы хабарлады.

Мемлекеттік бағдарламамен салынған жаңа пәтерлердің іші көгеріп, әбден ылғал тартып кеткен. Салынғанына 4 жыл болыпты. Тұрғындар бастапқыда үй жылы болған деседі. Бірақ, былтырдан бері сыр бере бастапты.

«Ылғал, бәрі көгеріп жатыр. Кухня жақ тіпті. Қазір түстен кейін мұздар еріп, бәрі су болып жерге ағады» – дейді тұрғын Берікбай Сұлтаншәріп.

Мемлекеттік бағдарлама аясында салынған көппәтерлі үйде жүзден астам отбасы тұрады. Көпшілігі қарт кісілер. Жаздағы ыстықтың өзінде аяғы қақсап, балтыры сыздайтын жандарға суық қатты батуда.

«Менің жасым 83-те. Тыл ардагерімін. Осындай жаағдайда өмір сүріп жатырмыз. Мына бөлмедегі темпаратура 10 градус қана. Ас үйде тіпті -8 градус суық. Осылай қалың киініп алып ұйықтаймын. КСК-ға екі рет хабарластым, ешкім келіп жағдайымды сұрамады», – дейді тыл ардагері  Нина Захарова.

Мұнда қай пәтерге кірсең де, бөлме темпаратурасы -8 градустан аспайды. Қосымша жылытқыштарды қосқанның өзінде ары кеткенде 12 градус. Ал далада шыңылтыр аяз. Сондықтан, тұрғындар кірберіс есіктерінің өзіне көрпе жауып, ықтауда. Терезелеріне мұз қатып, жақтаулары тіптен көгеріп кеткен.

Жергілікті билік өткен жылы мердігер компанияны сотқа бергенімен, оң нәтижесі болмапты. Бірақ, жуырда қайта шағым түсіреміз деп бекініп отыр.

«Тұрғын үй 2014 жылы эксплуатацияға өткен. Басым бөлігі әлеуметтік мақсатта берілді. 40 пәтер кезекте тұрған жетім балаларға, 27-сі мемлекеттік қызметкерлерге, қалғандары апатты үйден көшіп келгендердің еншісінде. Ал жалпы біз бұл мәселеден хабардармыз. Тиісті жұмыстар жасалып жатыр. Жақында үйді тұрғызған компанияны сотқа беруді жоспарлап отырмыз» – Теміртау қаласы әкімінің орынбасары Владислав Цай.

Құрылыс компаниясының тұрғын үйге кепілдік беру мерзімі аяқталып кеткен. Сондықтан, көппәтерлі үй енді мемлекеттік сараптамадан өткізілмек. Соның қорытындысы негізінде, мердігер компанияны қайта сотқа береді. Әкімдіктегілер мәселе сонда ғана оң шешімін табар деген үмітте.

Тағы оқыңыз:

2018 жылы бір жасқа дейінгі бала күтiмiне қатысты жәрдемақының мөлшері белгілі болды

Нұрболат Абдуллин ата-анасына тіл тигізген тыңдарманына ұрсып тастады (фото)

 

Талқылау