Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Теміртауда зейнеткердің үйіне баса көктеп кіріп, соққыға жыққан жасөспірімдерге қатысты сот үкімі шықты

Видеодан скрин

Теміртауда зейнеткердің пәтеріне баса көктеп кіріп, ұрып-соғып видеоға түсірген жасөспірімдерге қатысты сот үкімі шықты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Іс бойынша тоғыз адам күдікті ретінде танылған. Олар тұрғын үйге заңсыз кіріп, адамдар тобы болып бірнеше рет жасалған тонау қылмыстары үшін кінәлі деп танылды.

Сот мәліметінше, 2025 жылдың ақпан айында айыпталушылар 68 жастағы ер адамның пәтеріне екі рет заңсыз кірген. Жасөспірімдер зейнеткердің жасы мен дәрменсіздігін пайдаланып, оны бірнеше рет соққыға жығып, қорлаған. Сондай-ақ күдіктілер өз әрекеттерін ұялы телефонға түсіріп отырған.

Зейнеткер орташа ауырлықтағы жарақат алып, мүлкінен айырылған. Сонымен қатар кәмелетке толмаған айыпталушылардың бірі сол жылдың наурыз айында тағы бір жәбірленушіге жасалған ұқсас шабуылға қатысқан. Жасөспірім бір топ адаммен бірге ер адамның пәтеріне кіріп, оны соққыға жығып, 95 мың теңге көлеміндегі мүлкін ұрлап кеткен.

Сотта айыпталушылардың кінәсі өздерінің мойындауымен, жәбірленушілер мен куәлардың айтқандары және сараптама қорытындылары арқылы расталды.

Қылмыстардың ауырлығын ескере отырып, сот айыпталушыларға бас бостандығынан айыру жазаларын тағайындады. Айыпталушылардың бірі 7 жылға бас бостандығынан айырылды. Бір кәмелетке толмаған айыпталушы 6 жыл 6 айға түзету колониясына жіберілсе, тағы екеуі 5 жыл 6 айға бас бостандығынан айыру жазасын алды. Қалған айыпталушылар әрқайсысы 5 жылға бас бостандығынан айырылды.

Сот айыпталушылардың бір бөлігінің кәмелетке толмауын жазаны жеңілдетуші жағдай ретінде ескере отырып шешім қабылдаған.

Еске салсақ, 2025 жылдың ақпанында Теміртауда қарияның үйіне баса көктеп кіріп, соққыға жыққан жасөспірімдердің видеосы тарағанын жазған едік. Видеода 16-18 жас шамасындағы жігіттердің төсектен тұра алмай жатқан қарияны ұрып, бетінен теуіп жатқанын көруге болады. Сондай-ақ қарияға балағат сөздер айтып, бетіне түкірген. Зейнеткер қорғануға тырысқанымен одан сайын соққы алып жатқаны байқалады. артынша осы іс бойынша жеті жасөспірім мен екі ересек адам екі айға қамауға алынды. 

Дана Русланқызы
Жұма, 03 Сәуір, 2026 21:02