Теміртауда облысқа қауіп төндірген қылмыстық топ ұсталды
Қарағанды облысында қылмыстық топ ұсталды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Polisia.kz сайтына сілтеме жасап хабарлайды.
22 қазан күні Қарағанды облысы полиция департаменті ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының қызметкерлері Теміртау қаласында облыстың жедел ахуалына кері әсерін тигізіп, құқыққа қарсы жұмыс істеген жастар тобын ұстады.
Қылмыстық топты ұстау барысында 21 тінту жұмысы жүргізіліп, соның нәтижесінде шолақ ұңғылы атыс қаруы, травматикалық тапанша, оқ-дәрілер, есірткі және психотроптық заттар тәркіленген.
“Полиция бөліміне 21 адам жеткізіліп, басты фигурант саналатын 8 күдіктіні қамауға алу бұлтартпау шарасы қабылданды. Қазіргі уақытта аталған дерек бойынша бопсалау, бұзақылық және атыс қаруын сақтау баптары бойынша сотқа дейінгі тергеу әрекеттері жүргізіліп жатыр”, – деп хабарлады Қарағанды облыстық полиция департаментінің бастығы Санжар Әділов.