Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Темірланды қасақана жарақаттады": Қазақстандықтар "Ақтөбе" футбол клубын "Қайратқа" қарсы агрессивті ойын көрсетті деп айыптады

футбол Қайрат пен АқтөбеФото: Видеодан скрин

14 қыркүйекте Алматыдағы Орталық стадионда "Қайрат" пен "Ақтөбе" футбол клубтарының арасында матч өтті. Нәтижесінде алматылық клуб жеңіске жетіп, ойын 1:0 ебімен аяқталды. Матч барысында екі клубтың фанаттары ойынды қыздыра түсті. Бұл тартыс тіпті желіде жалғасын тапты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Матч барысы… 

Алматылық "Қайрат" ел біріншілігінің 23-турындағы орталық ойында "Ақтөбені" 1:0 есебімен жеңді. Бұл кездесу екі команда үшін де маңызды болды. Сонымен қатар матчты алғаш рет қырғызстандық төрешілер қадағалады. 

Ойын барысында алаң иелері басымдық танытып, бірнеше қауіпті шабуыл ұйымдастырды. Дегенмен қонақтар да қарымта шабуылдарымен жауап беріп отырды. Шешуші голды 52-минутта 17 жастағы Дастан Сатпаев соқты. Ол Еркін Тапаловтың әдемі пасын голға айналдырды.

Ойынның 10-минутында "Қайраттың" қақпашысы, жуырда "Селтикке" қарсы матчта көзге түскен Темірлан Анарбеков жарақат алып қалды. "Ақтөбе" қорғаушысы Уче Агбоның шынтағымен жасалған соққыдан кейін оны алаңнан зембілмен әкетті.

Алматылық клубтың бас бапкері Рафаэль Уразбахтин қақпашы Темірлан Анарбековтің жарақаты туралы айтты.

"Білуім бойынша, Темірланның жақ сүйегі сынған. Ол белгісіз мерзімге қатардан шығып қалды. Алдағы Чемпиондар лигасы мен ҚПЛ-2025 матчтарында бізге көмектесе алмайды", – деді бапкер.

Осылайша Анарбековтің орнына қақпаны 18 жастағы Шерхан Қалмырза қорғап, соңына дейін қақпасын голдан қорғады.

Бұл жеңістің арқасында "Қайрат" турнир кестесінде бірінші орынға көтерілді.

“Темірланды маңызды матч алдында қасақана жарақаттады”

Алматылық “Қайрат” ақтөбелік команданы 1:0 есебімен жеңген соң, олардың жанкүйерлері арасында әлеуметтік желілерде тартыс болды. Алматылық жанкүйерлер ақтөбелік фанаттарды “жабайы” деп атап, Темірлан Анарбековке қастандық жасағанын жеткізді. 

"Ақтөбе шыны керек жабайысыңдар! Бүгін матчта болдық. Енді шыны керек Алматы тұрғындары мәдениетті. Ал Ақтөбе өте сұмдық, өздерін қызық ұстады. Темірланға маңызды матч алдында қасақана әрекет жасады. Лас ойнады, тым дөрекі. Кішкентай 7-8 жастағы баланың өзі бетіңе бедірейіп қарап өтеді. Бөлінбеңдер деп жазатын шығарсыздар. Бірақ бұл жағдайда үндемей "Біз біргеміз" дей алмаймын”. 

“Бүгін Қайрат – Ақтөбе матчын тамашалап отырып, бір жағымсыз ойға қалдым. Ақтөбенің ойыншылары мен бапкері Қайраттың алда Спортинг пен Реалға қарсы ойыны барын біле тұра, әдейі "сындыру үшін" шыққандай. Барынша қатал әрі лас ойын көрсетті. Соның салдарынан Чемпиондар лигасына 4 күн қалғанда Анарбековтің жағы сынды. Ұят, ФК Ақтөбе! Лас ойын үшін ойыншыларды дисквалификациялау керек! Сондай-ақ "Қайрат" – "Ақтөбе" матчынан кейін Ақтөбенің сауатты жанкүйерлері қаншалықты аз екенін түсіндім. Мәдениет нөл. Жеке басқа өтеді, боқтайды, тіпті қорқытады. Өздеріңізді өздеріңіз ұятқа қалдырып жүрсіздер".

Фото: Скрин Threads

"Ақтөбеліктер Алматыға келіп, университетке түседі, жұмысқа орналасады, отбасын құрады, серуендейді, концерттерге барады. Бірақ соған қарамастан Алматылық клубты әлі де жамандайды. Көбісі неге екенін өздері де білмейді".

"Тура маңызды күн жақындағанда Темірлан Анарбековтің жағы сыныпты. Қазақтарға жау қажет емес екенінің бір дәлелі бір-бірлерін көре алмай талап жейді". 

"Ойын өте қызу басталды. Қызылдар жеңбесе де, қалай да кек қайтаруға тырысқандай әсер қалдырды. Қақпашыны жарақаттағанымен, бәрібір ұтылып қалды. Енді Ақтөбе жанкүйерлері ертең оқу мен жұмысқа бару үшін “жек көретін” Алматыдағы жалдамалы пәтерлеріне қайта берсін". 

"Ақтөбе Қайраттың өтінішіне құлақ аспады. Алматылық команда Чемпиондар лигасындағы дебютіне 4 күн қалғанда және УЕФА тарихындағы ең ұзақ сапарға, Лиссабонға ұшатын алдында матчты ауыстыру сұраған. Ал Ақтөбе өтініші қабылдамай, тіпті қақпашы Анарбековті жарақаттап тастады. Еске салайын, негізгі қақпашы Заруцкий де жарақат алған. Олардың ойы: өзіміз қол жеткізбедік, демек өзгеге де мүмкіндік бермейміз". 

Фото: Threads скрин

"Ақтөбенің өзін бұлай ұстауы өте орынсыз болды. Қайрат 18 қызкүйек күні Чемпиондар лигасында Спортингпен ойнайды. Сол үшін матчты бір күн бұрын өткізуге өтініш жасаған еді. Өйткені алда Лиссабонға ұзақ сапар күтіп тұр... Бірақ Ақтөбе  матчты ауыстырудан бас тартқан. Қайрат қулығы басым қарсыластарын жеңіп шығады деп үміттенемін". 

“Ақтөбелік жанкүйерлер туралы айтайын. Ойын біткен соң бәріміз қайтып келе жатырмыз. Көбі “Қайрат! Қайрат!” деп айтып келеді. Бір уақытта ақтөбеліктер солай айтқан адамдарды итеріп, қағып, боқтап өтті. Сонда Қайратты қолдап барғандардың не кінәсі бар? Жоқ жалпы мен үшін бәрі бір қазақ. Керісінше Қайраттың Қазақ елінің атынан чемпиондар лигасына шыққанына қуанбай ма?”.

"Бүгін Қайрат – Ақтөбе матчы болды. Атмосферасы да, көрінісі де керемет еді! Бірақ ойын біткен соң шығып, Абай көшесімен автотұраққа қарай бара жатқан едік. Жанкүйерлер арасындағы топтың алдыңғы және артқы жағынан "Алматы – гейлердің астанасы" деген айғай естілді. Бұл не сұмдық? Сол сәтте арқа жағыма қарасам, оны айтқан қыздар аузын жауып, үндемей қалды. Неліктен олай айтты? Бұл – біздің Қазақстан, ортақ жеріміз емес пе!". 

“Ақтөбе болмаса ойынды ешкім қарамас еді”

"Футболды енді көріп бастаған тауық ми "южан" фанаттардан шаршадым. Ақтөбе әдейі матч уақытын ауыстыруға келіспеді дейсіңдер ме? Айтылды ғой. Қайрат өзі алдын ала ескертпеген. Ал Ақтөбе билеттерін алып жоспарлап қойған. Сосын Ақтөбенің матч уақытын ауыстыру ауыстырмауы өз құқығы. Ал Анарбековтің жарақаты ол ойын сәті. Ешкім әдейі жасаған жоқ. Қайта стадиондарыңды толтырып беретін Ақтөбеге рақмет айтыңдар. Ақтөбе болмаса білмеймін түк қызық емес сияқты". 

“Ақтөбе болмаса, Қазақстан Премьер лигасы мүлдем қызық болмай, ешкім қарамас еді. Алматының Орталық стадионы да Ақтөбе келгенде және Еурокубокта ойнағанда ғана толады”.

"Ақтөбем Төбе емес, Таусың маған. Футбол көрермені емеспін, бірақ Ақтөбе әдейі істеді дегенге сенгім келмейді. Бұл Футбол, бұл ойын, бұл бәсекелестік. Өз ішімізден бөлінбейік. Анарбеков сол жерде травма алмай, басқа жағдай орын алса да Ақтөбеден көретін еді. Себебі, бәсекелестік болған жерде ондай жағдай болары анық. Біздің халық бұл жағдайды қашан ойын екенін түсінер екен". 

Фото: Скрин Threads

"Футболды Қайрат чемпиондар лигасына шыққалы қарап жүргендер "Ақтөбе" боқтады, ойынды шегермеді деп жылап жатыр. Команда ойынды шегеру мүмкін емес екендін талай жазды. Себебі билеттер алынып қойған, басқа күнге билет жоқ. Шегеруге келіскісі келсе де шегере алмас еді. Ал балағат сөздерге келсек екі жақта да айтылды. Осы уакытқа дейін айтылып келген, айтылады да. Анарбеков жазылып кетсін. Уче Агбо дөрекі ойнайтын ойыншы емес негізі, әдейі жасады деп ойламаймын. Өзін ақтөбелік сияқты көрсетіп “жақсы болды” деп айтып жатқандарға ілініп қалып жатырсыздар. Ондай арандатушылар бұрыннан бар. Футболды кеше бастап қарап, бірдеңе деуге асықпаңыздар. Ақтөбені қаралау бәріне ыңғайлы, оны бәріміз білеміз. Уразбахтин негізі запастағы қақпашыны кояды деп ойлаған едім. Әдетте жаттықтырушылар солай жасайды". 

"Қайрат" чемпиондар лигасына шығып, өмірінде футбол көрмеген, доп теппеген адамдар футбол жайлы талқылап жатыр. Олардың "Ақтөбе" клубы былай тұрсын, бүкіл Ақтөбе халқын балағаттағандары қате. Қанша жерден "Астана" футбол клубын жек көрсек те, сол Астанамыз айналайын екен. Осы уақытқа дейін қанша ойнадық, Қайрат сияқты болған емес. Қысқасы осы жолы чемпиондық Астанаға бұйырсын. Ал Қайраттың бұлай ойнағаны құрсын".

Ойынға дейін болған тартыс...

Ақтөбелік кондитер, кәсіпкер Самал Асанова "Қайрат" – "Реал Мадрид" матчында жерлестеріне қолдау білдіріп, торт пісіріп, оны видеоға түсіріп, жеке парақшасына жүктеді.

Алайда бұл әрекет ақтөбелік жанкүйерлердің ашуын туғызды. Олар Ақтөбеде футбол жай ғана ойын емес, ол ақтөбеліктердің ажырамас бөлігі екенін айтты. Сондай-ақ кәсіпкердің мұндай әрекеті орынсыз әрі лайықсыз болғанын жеткізді. Олар өз ұстанымдарын хайпқа айырбастамайтынын айтып, кондитерге бойкот жариялады. 

Даудан кейін кәсіпкер әйел жеке парақшасындағы жазбаны өшіріп, халыққа үндеу жасады. Ол мұның Қазақстан атынан УЕФА Чемпиондар лигасының топтық кезеңіне шыққан "Қайрат" командасына қолдау көрсету ниетінде жасалғанын жеткізді.

“Ол жерде қандай да бір клубқа қарсы көзқарас немесе өз туған қалам Ақтөбеге деген құрметсіздік болған жоқ, болмайды да! Мен өзім Ақтөбенің қызы, нағыз ақтөбелікпін. Мен әрқашан өз қаламды құрметтеймін. Шыны керек, менің мүлдем футбол әлемінен хабарым жоқ. Бұл видео – тек еліміздің атын әлемге танытып жатқан “Қайрат” клубына сәттілік тілеу еді. Ешкімді ренжіткім келмеді. Егер сөзім немесе әрекетім біреуге ауыр тиген болса, кешірім сұраймын. Хейт жазып жатқан барлық жандарға айтарым, осы жағдайды бейбіт түрде, бір-бірімізге деген сыйластықпен шешкім келеді. Біз бәріміз бір елдің азаматтарымыз. Қазақстан спорты дамыса, бәріміз үшін мақтаныш емес пе?! Сіздерге көп рақмет! Түсіністікпен қарайды деп үміттенемін”, – деді Самал Асанова.

Сондай-ақ кондитер "Ақтөбе" футбол клубы жанкүйерлерін жібіту оңайға түспейтінін түсінсе керек. Бұл клубқа да арнап торт дайындады. 

Жұмаділлә Нұрила
Дүйсенбі, 15 Қыркүйек, 2025 12:36
Талқылау