"Темекіні азайтып, ұрысуды қойдым": Ораза ұстаған Байзақова қалай өзгергенін айтты
Атышулы Айжан Байзақова ораза ұстағанын айтып, желідегі фолловерлерін таңғалдырды. О баста жалаңаш суреттерімен танылған блогер қасиетті айда жақсы жағына қарай өзгергенін қуана жеткізді. Темекі мен балағат сөздерді қолдануды азайтқанын мәлімдеді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
"Алғашқыда бұл қадамға өзімді сынау үшін, тәнім мен жанымды тексеру үшін, сыртқа емес, ішке үңілу үшін бардым", – дейді Байзақова.
Блогер оразаның алғашқы күндері физикалық тұрғыдан да, моралдық тұрғыдан да қиналғанын, ал уақыт өте келе үйренгенін атап өтті.
"Бұл өмірімдегі төзімділікке деген ең мықты тексеріс болды. Өйткені менің қалыпты өмір сүру дағдымды сіздер білесіздер. Мен өзім үшін ештеңеден бас тартпайтын адаммын", – дейді Айжан.
Байзақова оразаны соңына дейін және алдағы жылдары қайталап ұстайтынын жеткізді. Өйткені тұлға ретінде қаншалықты өзгергенін өзі де байқаған.
"Темекіні азырақ шегіп, дұрысырақ тамақтанып, ұрысуды азайттым. Менімен аз да болса таныс болсаңыз, қандай жетістік екенін түсінесіз.
Ең бастысы, шабыт беретін толқын ұстап алғандаймын. Идея көп. Әрекет етуге, ойымдағының бәрін іске асыруға деген қалауым мықты болып тұр. Бұл ойлар жеке өміріме, блогыма және жылдық жоспарыма қатысты.
Осы өзгерістерді сезінгеннен кейін ғана сіздермен бөлісуді жөн көрдім және де жыл бойы осындай болып қалсақ екен деген тілегім бар", – деп түйіндеді сөзін блогер.
Айжан Рамазан айында ауыз бекіткен достарына ауызашар беріп үлгерген. Желі қолданушылары Байзақованың түзу жолға бет бұрғанын байқап, ол үшін қуанды.
"Ақиқат жолына түсуге ешқашан да кеш емес. Жарайсыз", "Қабыл болсын", "Алла қабыл етсін", "Іштей өзгерген кезіңде айналаның бәрі өзгереді", "Шексіз қуаныштымын, тіпті сөзім жоқ", – деп пікір білдірді желі қолданушылары.