Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Темекіге тәуелділерге де диагноз қойылады": Маман елімізде шылым шегуге қарсы қандай шаралар жүргізілетінін айтып берді

Елімізде шылымға тыйым салынбағанымен, оның зияны мен кеселі кеңінен айтылып келеді. 2023-2024 жылдары темекі тұтынушылардың санын үшін бірнеше шаралар қабылданды. Республикалық психикалық денсаулық ғылыми-практикалық орталығының психотерапеві Гүлнұр Қуанышқызы шылымға тәуелді адамдарға қандай қолдау көрсетілетіні және темекіге тәуелділіктің алдын алу үшін қандай істер атқарылатынын айтып берді.

Фото: Pixabay.com

2023-2024 жылдары Қазақстанда темекіні тұтыну деңгейін төмендету мақсатында никотин өнімдеріне салық көбейді. Гүлнұр Қуанышқызының айтуынша, салық темекіге тәуелділердің санын толық азайтпаса да, оны тұтынуды ойлап жүрген немесе енді шегіп көрген адамдардың қызығушылығын төмендетеді. Себебі ол бұрынғыдай қолжетімді болмайды.

Маман 2023-2024 жылы темекіге қарсы істелген шараларды айтып берді:

  • Темекі өнімдеріне салықты арттыру;

2023 жылы темекіге акциздер мөлшерлемесі 1000 дана үшін 14,100 теңгеге дейін ұлғайтылды, ал 2024 жылы 1000 дана үшін 15,900 теңгеге жетті.

  • Жарнама мен қаптаманы реттеу;

Қазақстанда темекі өнімдерінің жарнамасына бақылау күшейтіліп жатыр. БАҚ беттерінде және кино, т.б. туындыларда темекі шегу көріністерін жариялауға байланысты шектеулер енгізілді. Қаптамаларға үлкен ескерту жазбаларын енгізу де –темекіге қарсы шаралардың бірі. Сол себепті темекі шегудің зияны туралы халықты ақпараттандыруға бағытталған әлеуметтік науқандар мен жарнамалар көбірек жарияланады.

  • Қоғамдық орындарда темекі шегуді шектеу;

Адамдарды темекі әсерінен қорғау мақсатында көпшілік бар жерде темекі шегуге болмайды.

“Сондай-ақ жыл сайын Қазақстан бойынша дүниежүзілік темекі шегуге қарсы күрес күні медициналық ұйымдарда Ашық есік күні өтеді. Мамандар темекіге тәуелділікті жою бойынша сабақтар өткізіп, шылымның зияны туралы ересектер мен жасөспірімдермен дәріс пен әңгіме түрінде түрлі іс-шаралар болады”, – деді маман.

Гүлнұр Қуанышқызының айтуынша, мектептерде, басқа да білім беру мекемелерінде темекінің зияны туралы және темекі шегуге теріс көзқарасты қалыптастыруға бағытталған дәрістер мен тренингтер өткізіледі. 

Қазір еліміздің барлық аймағында шылымға тәуелділермен жұмыс істейтін оңалту орталықтары бар екен. Никотинге тәуелділерге көмек көрсету үшін оңалту орталықтары консультациялар беретін жедел желілерді ашқан

Психикалық денсаулық ғылыми-практикалық орталығының психотерапеві алкогольге тәуелділерге “алкоголизм” диагнозы қойылғандай, темекіге тәуелділерге де диагноз қойылып, арнайы ем жүргізетінін айтады.

“Темекі салдарынан психикалық ауытқулар туындауы мүмкін. Сол үшін шылымға тәуелділерге ХАЖ-10 сәйкес “темекіні пайдаланудан туындаған психикалық және мінез-құлық бұзылыстары” немесе F17 диагнозы қойылады. Темекіге тәуелділікті емдеу үшін орталықта дәрі-дәрмекпен емдеу, психологиялық қолдау шаралары жасалады”, – деді ол.

Бұл диагноздың бірнеше белгісі бар екен. Әдетте адамның көңіл-күйі үнемі бұзылып, тітіркенгіш келеді. Концентрациясы жоғалып, ден қоя алмайды, жиі алаңдағыш келеді және күйзеліске жиі түседі. Онымен қоса ашушаң болады, есте сақтау қабілеті төмендейді әрі ұйқысы тыныш болмайды дейді. Әрі ауруға мән бермей, әрі қарай асқындырып жүрсе берсе, никотинге тәуелділік деген диагнозға ұшырайды.

Сөзінше, шылым шегуге тәуелділікпен күресу үшін мемлекет түрлі профилактикалық бағдарламаларды қамтитын кешенді тәсіл қабылдап жатыр. Онда психологтар мен психотерапевттер қамтылған. Мамандар зиянды әдеттерден құтылу жолдарын ұсынып, біріге жұмыс істейді дейді. 

“Оңалту орталықтары медициналық және психологиялық қолдау көрсететін кешенді бағдарламаларды ұсынады. Мұнда тәуелділіктен толықтай арылуға бағытталған және темекі шегудің зияны туралы жеке кеңестер, топтық сабақтар мен білім беру дәрістері болады. Көп жағдайда мамандар темекіге тәуелді адамға стрессті басқару стратегияларын, жүйкені қалыпқа келтіру жолдарын ұсынып, тыныштандыратын, ұйқыны реттейтін дәрілер береді. Себебі көбінесе адамдар күйзеліске түскенде, ашуға ерік бергенде шылым шегіп, өзін солай тыныштандыруды жөн санайды”, – деді Гүлнұр Қуанышқызы.

Сонымен қатар денсаулық сақтау министрлігі темекі шегудің алдын алу және одан бас тарту бағдарламаларын, соның ішінде ақпараттық науқандар мен тегін медициналық кеңестерді жүргізеді.

Маман Қазақстанда 2024 жылдан бастап электронды темекілерге тыйым салу бойынша қатаң шаралар енгізілгенін атап өтті. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев вейпке тыйым салатын заңға қол қойды. Қуанышқызы тыйым вейп қана емес, барлық темекіге қатысты болуы мүмкін бе дегенге жауап берді.

“Темекі шегуге толық тыйым салу туралы мәселе көтерілмеді, оны көтеру әлі жоспарда жоқ. Дегенмен үкімет темекі шегуді азайту шараларын белсенді түрде талқылап жүр. Темекі өнімдеріне акциздерді жыл сайын арттыру, қоғамдық орындарда темекі шегуге салынған тыйымның сақталуын бақылауды күшейту бұған дәлел”, – деді ол.

Психотерапевттің сөзінше, шылымға қарсы науқанды балалардан бастау керек. Себебі олар еліктегіш болғандықтан, зиянды әдеттерді тез жадына сақтап алады. Сол үшін ерте жастан оның салдары туралы көбірек айтқан жөн деп санайды.

“Қазақстанда балалар мен жасөспірімдер арасында темекі шегудің алдын алу үшін бірқатар іс-шаралар өткізіледі. Жақында оқу орындарында "Темекісіз өмір" бағдарламасы енгізілді. Бұл бағдарлама бойынша түрлі дәрістер мен сынып сағаттары, тренингтер бар. Онда темекінің зияны кеңінен талқыланып, тәуелділікке ұшырамау мәселесі қозғалады. Сол үшін мектепте дәрігерлермен және психологтармен профилактикалық әңгімелер өткізіледі. Жас кезден соған қызыққан балалармен жеке әңгіме де болады”, –деді республикалық психикалық денсаулық ғылыми-практикалық орталығының дәрігері.

Талқылау