Темекі шегуге қатысты кең таралған мифтер: Маман қате түсініктерді талдап берді
Темекі шегетін адамдар “Темекі жанымды тыныштандырады, салмағымды бірқалыпты ұстауға көмектеседі, егер ұзақ жыл тартсам, кейін оны тастаудың да мәні жоқ” деп жаңсақ ойлауы мүмкін. Осындай қате түсініктердің салдарынан олар зиян әдеттен бас тартуға қиналып жатады. Дегенмен бұл – кең тараған мифтер. Темекінің кез келген түрінде никотин бар және ол тәуелділік тудырады. Ал зиян әдеттен арылу ешқашан кеш емес. Stan.kz ақпарат агенттігі темекіге қатысты мифтерге тоқталып, дәрігер-психиатрдың көмегімен сол қате түсініктерді талдайды.
Фото: Unsplash.com
1-миф. Темекі шегу күйзелісті азайтады және тыныштандырады
Шынына келсек, никотиннің тыныштандыратын әсері жоқ. Босаңсу сезімі темекі тарту әдетіне байланысты, ал никотин негізі керісінше, ағзаның тәуелділігін арттырады, салдарынан күйзеліс үдей түседі.
2-миф. Темекіні пассивті шегу зиянсыз
Темекіні пассивті түрде шегу деп қоршаған ортадағы темекі түтінін жұтуды айтады. Бұл – өте қауіпті. Ол көздің, тыныс алу жолдарының тітіркенуін, бас ауруын және айналуын тудыруы мүмкін. Сонымен қатар темекіні пассивті шегу жүрек-қан тамырлары және тыныс алу жүйесінің ауруларын, тіпті қатерлі ісіктің даму қаупін арттыруы мүмкін.
3-миф. Темекі шегу салмақты бақылауға көмектеседі
Кейбір адамдар темекі шегу тәбетті төмендетеді, содан салмақты бір қалыпта ұстап тұруға көмектеседі деп санайды. Бірақ темекіні тастағаннан кейін міндетті түрде салмақ қосып қоямын деу – қате түсінік. Дұрыс тамақтанып әрі белсенді өмір салтын ұстанып-ақ, ең бастысы денсаулыққа зиян келтірмей салмақты қалыпта ұстауға әбден болады.
4-миф. Көп жылдар бойы темекі шеккеннен кейін оны тастаудың мәні қалмайды
Темекі шегуді тастау ешқашан кеш емес! Темекіден бас тартқаннан кейін ағза қалпына келе бастайды. Бірнеше аптадан кейін өкпе жұмысы жақсарады. Бір жылдан кейін жүрек ұстамасы қаупі төмендейді. 5-10 жылдан кейін өкпе және басқа органдардағы қатерлі ісік қаупі айтарлықтай азаяды.
5-миф. "Жеңіл" темекілер денсаулыққа аз зиян келтіреді
Көп адам "жеңілірек" темекі құрамында никотин мен шайыр аз болғандықтан қауіпсіз деп ойлайды. Алайда темекіге тәуелді адамдар көбіне никотиннің жетіспеушілігін өтеу үшін тереңірек және жиі тартуға мәжбүр болады. Ал бұл ағзаға зиян заттардың түсуін азайтпайды.
6-миф. Электронды темекілер қауіпсіз және олар темекіні тастауға көмектеседі
Электронды темекілердің құрамында зиян заттар аз болғанымен, олардың толық қауіпсіздігі дәлелденбеген. Олар әлі де никотин мен басқа да химиялық қоспаларды қамтиды. Ал бұл денсаулыққа кері әсер етеді. Сонымен қатар олар темекіні тастауға көмектесетін тиімді құрал ретінде қарастырылмайды.
7-миф. Темекі шегу – тәуелділік емес, жай ғана әдет
Темекі шегу – тек әдет емес, физикалық және психологиялық тәуелділік. Никотин миға әсер етіп, тәуелділік тудырады. Темекіні тастау көп адамға қиын болатыны сондықтан. Мұндай кезең қолдауды және кейде медициналық көмекті қажет етуі мүмкін.
“Электронды темекі шегу темекіден мүлдем бас тартуға көмектеседі деп айтуға жеткілікті деректер жоқ”
Республикалық психикалық денсаулық ғылыми практикалық орталығының Павлодардағы филиалының дәрігер-психиатры Асанәлі Сушенов осы мифтер негізінде кеңес беріп, түсіндірді.
"Никотин мен оның адам ағзасына әсері туралы айтсақ, онда біз табак құрамындағы никотин тәуелділік тудыратынын түсінеміз. Ол жүрек соғысын жиілетеді, қан қысымын жоғарылатады да, тамыр жұмысын бұзады. Оған қоса никотин көңіл толу мен босаңсу сезімін тудырып, миға әсер етеді. Осы нәрсе темекі тартуды әдетке айналдыруға итермелейді. Ал уақыт өте келе бұл әдет жүрек, өкпе аурулары, қатерлі ісік сияқты созылмалы ауруларға әкеледі", – деп ескертті дәрігер-психиатр.
Адам темекі шегуді қоюы үшін дәрігерлер түрлі медициналық препараттар, мысалы, никотиндік пластырь, сағыз, ингалятор немесе дәрілер ұсынады. Никотинді алмастыратын терапия да темекіге құмарлықты азайтуға көмектеседі дейді дәрігер.
"Адам никотинді темекіден алу орнына, оның аздаған мөлшерін препараттарды пайдалану арқылы алып отырады. Осылайша тәуелділікті азайтуға көмегі болады. Ал темекіден бас тарту кезінде жақын адамдардың қолдауы үлкен роль ойнайды. Достары мен отбасы бұл қадамның қаншалықты маңызды екенін түсініп, қолдаса, қасынан табылса, адам аз күйзеледі және қысым сезбейді. Процестен жеңілірек өтеді. Егер темекіден бас тартуға оқталған адам қиналып жүрсе, жақындары шабыттандырып, айналасында жақсы атмосфера жасап, көмегін ұсына алады", – деп кеңес берді маман.
Дәрігер электронды темекілер туралы мифтерге тоқталды. Оның сөзінше, электронды темекілер ұзақ шеккен сайын денсаулыққа зиянын тигізе береді.
"Мысалы, көбі оларды қауіпсіз деп санайды. Ал негізінде электронды темекілер ұзақ уақыт шеккен сайын денсаулыққа аса зиян тигізеді. Бұған қоса электронды темекі табак өнімдерінен бас тартуға көмектеседі деген кең тараған миф бар. Бірақ іс жүзінде бұл үнемі олай емес. Себебі электронды темекілер никотинге тәуелділікті керісінше қолдап, үдетіп жібере алады. Электронды темекілер шегуді тоқтатқысы келетін адамға белгілі бір уақыт аралығында ғана пайдалы болуы мүмкін. Дегенмен бұл жақсы шешім емес. Себебі электронды темекіде бәрібір никотин бар, ал ол тәуелділік тудырады. Дәл қазір "электронды темекі шегу темекіден мүлдем бас тарту жолында эффект беретін тәсіл" деп айтуға жеткілікті деректер жоқ", – деп түсіндірді дәрігер-психиатр Асанәлі Сушенов.
Қазақстанда темекіге қарсы қандай шаралар жүзеге асып жатыр?
Сонымен қатар маман Қазақстанда темекіге қарсы күрес шаралары қалай ұйымдастырылғанын айтып берді:
- Қазақстанда темекіге қатысты күрес шаралары белсенді түрде жүзеге асып жатыр. Ол үшін темекіні қоғамдық орындарда, оның ішінде кафелер мен ресторандарда, көліктерде шегуді шектейтін арнайы заңдар қабылданған.
- Сонымен қатар темекінің сыртқы қабына оның зияны туралы ескертпелер жазылады.
- Ал 2017 жылдан бастап табак өнімдерінің жарнамасына тыйым салынған.
- Оған қоса халыққа темекінің зияны және оны қалай тастауға болатыны туралы ақпарат беретін шаралар жүзеге асып келеді.
- Елімізде зияны аз деп айтылатын темекілердің барлық түрі табак өнімдеріне теңестірілген, яғни бірдей болып саналады.
- Қазақстанда темекінің зияны туралы ақпараттандыратын кампаниялар белсенді түрде жұмыс істеп жатыр. Адамдарға темекіден бас тартуға көмектесетін арнайы бағдарламалар да жасалған. Олардың қызметіне дәрігерлер кеңесі мен қолдайтын топ та кіреді.
- Табак өнімдеріне салынған салықтың көбейіп жатқаны да маңызды. Бұл темекінің қолжетімді болуын азайтады. Оған қоса қазір темекі шекпейтін арнайы орындар да белгіленген.
"Қазақстанда темекіге қатысты күрес шаралары белсенді түрде жүзеге асып жатыр. Қоғамдық орындарда темекіні шегуге салынған тыйым, дүкендерде бетін бүркеп, тауардың түрін көрсетпей сату, темекіні кәмелет жасқа толған адамға емес, 21 жастағы адамға сату – осының бәрі мемлекеттің қолға алған шаралары", – деп қосты маман.
Дәрігер жалпы темекі шедуен аулақ жүру жолдары қиын емес екенін айтып, түйіндеді.
"Спортпен шұғылдану және салауатты өмір салтын ұстану да темекі тарту туралы ойдан аулақ болуға көмектесетінін ұмытпауымыз керек. Физикалық қозғалыс күйзелісті азайтады. Әрі көңіл-күйді жақсартып, темекіден соң ағзаның қалыпқа келуін тездетеді. Спортпен шұғылданған адамның денсаулығы мықты болады, күш-қуаты толады. Қозғалған адамның көңілі толып жүреді, ал бұл өзге зиян әдеттерге жоламауға және одан бас тартуға себеп болады", – дейді дәрігер-психиатр Асанәлі Сушенов.