Соңғы жаңалықтар

Телефон, планшет, компьютер: Ақтөбеде баласын оқыту үшін ата-аналар жаппай несие алып жатыр

Биылғы оқу жылына дайындық ата- аналар үшін жылдағыдан қымбатқа түскелі тұр. Әсіресе ақтөбеліктер онлайн сабаққа көшкен балаларының әрқайсысына телефон, гаджет, планшет, компьютер, ноутбук алып береміз деп несие алып жатқандарын айтады. Тіпті кейбір онсыз да табысы төмен көп балалы отбасылар мектепте оқитын 4-5 баласына бірдей мұндай жағдай жасауға шамамыз жоқ деп налып отыр. Бұл туралы  Stan.kz ақпарат агенттігі "Информбюро" бағдарламасына сілтеме жасап хабаралайды. 

Мектепте төрт баласы білім алатын Гүлжанат Лепесова қашықтан оқыту басталғалы балаларына 2 ұялы телефон мен бір планшетті амалсыздан несиеге алған, тағы біреуіне тапсырыс беріп те қойған. Жалғызбасты ана табысының көп бөлігі несиені төлеумен кететінін жасырмайды. Сөзінше, мектеп тарапынан беріледі деген ноутбуктен хабар жоқ, болса да, сұранысы мен жауапкершілігі жоғары техниканы Гүлжанат алғысы келмейді.

"Біздің алып жатқанымыз 56 мыңның телефоны, барлығы үстемақысымен береді ғой. Үлкен қызыма 70 мыңның телефоны, үстемақысымен 85 мың болады, 15 мың қосып беремін. Уақытша бере тұрамыз, өзіміздің пайдаланып жатқанымызды, бірақ кейін оны жауапкершілікпен қайтарасың дейді. Бізде жарық бірде бар, бірде жоқ, ертең ол жанып кетсе мен жауапкершілік алғым келмейді", - дейді көпбалалы ана Гүлжанат Лепесова.

Ал облыстық білім басқармасы қазір өңір бойынша 60 мыңға жуық оқушы компьютерге мұқтаж екенін анықтап, біліп отырмыз дейді. Техниканы 10 қыркүйекке дейін жеткізу жоспарланған, ал компьютерді алғанға дейін балалар өткен сабақтарын қайталай тұрады.

"Бізде 58 мыңнан астам балаға анализ жасалды. Осы анализ нәтижесінде бізде 55,5 мыңнан аса оқушының компьютері жоқ екені анықталды. 1 қыркүйекке дейін біз ол компьютерлерді ала аламыз деп айта алмаймыз, өйткені бұл - өте тығыз уақыт. Сондықтан негізгі компьютер, планшеттердің барлығы 10-шы қыркүйектен бастап келетін болады", - деді Ақтөбе облысы білім басқармасының басшысы Ләззат Оразбаева.

Өңірдің білім басқармасының мәліметінше, тұрмысы төмен және көпбалалы отбасылардың балаларын, жетім балаларды компьютермен қамтамасыз ету үшін республикалық және облыстық бюджеттен 5 млрд теңгеге жуық қаржы бөлінген. Ал алдағы оқу жылында облыстағы 402 мектептің 207-сі оқуды дәстүрлі түрде бастаса, қала және аудан орталықтарындағы 195 мектептің оқушылары сабақты онлайн режимінде оқиды.

1 қыркүйек - Қазақстандағы білім күні.

Талқылау
Пікір
Қазір оқып жатыр
Çàãðóçêà...
Қазір оқып жатыр