"Тек мемлекеттік немесе жеке меншік емес": Конституцияға жаңа меншік түрлерін енгізу ұсынылды

Депутат Азат Перуашев жаңа Конституцияда меншік нысандарының неғұрлым кең анықтамасын бекітуді ұсынды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Азат Перуашевтің айтуынша, қолданыстағы Конституцияда меншіктің тек екі түрі ғана: мемлекеттік және жеке меншік көрсетілген. Ал заманауи экономистер кемінде 5–6 түрлі меншік нысанын бөліп көрсетеді.
“Финляндияда, Литвада, Латвияда, Әзербайжанда және басқа да елдерде мемлекеттік және жеке меншіктен бөлек, конституцияларда муниципалды меншік нысаны да қарастырылған. Ал Қытай, Бразилия, Үндістан конституцияларында оларға ұжымдық немесе кооперативтік меншік түрі қосылған. Кейбір елдерде көпшілікке ашық қор нарығында бар компаниялардың меншігі – жария меншік ретінде атап өтіледі. Ал бірқатар басқа мемлекеттерде экономикалық әртүрлілікті ынталандыру мақсатында Конституцияда меншік нысандарының тізбесі мүлде шектелмеген”, – деді депутат.
Азат Перуашевтің пікірінше, нарықтық қатынастардың қазіргі дамуы муниципалды меншікті, ПИK (пәтер иелерінің кооперативі) пен кондоминиумдардың мүлкін, әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялардың (ӘКК) және кәсіпкерлердің мүлкін қосымша түрде айқындау қажеттілігін туындатып отыр.
Мемлекеттік тілдің мәртебесі күшейтілді – Жаңа Ата заңдағы 9-бап өзгереді
Қолданыстағы Конституция мен жаңа Ата Заңда қандай айырмашылық бар: Талдап көрдік
Сондай-ақ депутат индустрияның жаңа түрлері мен креативті экономиканың қарқынды дамуын ескере отырып, болашақта цифрлық меншіктің жаңа нысандарын айқындау қажеттілігі туындауы мүмкін екенін де атап өтті.
Осыған байланысты Азат Перуашев жаңа Конституцияда меншік нысандарын неғұрлым кеңінен айқындау мүмкіндігін қарастыруды ұсынды. Атап айтқанда, Конституцияның 8-бабының 1-тармағын былай тұжырымдауды ұсынды: “Қазақстан Республикасында меншіктің барлық нысандары танылады, кепілдік беріледі және тең дәрежеде қорғалады”.
“Бұл тек мемлекеттік және жеке меншікті ғана емес, барлық өзге де ықтимал меншік нысандарын қолдау және қорғау дегенді білдіреді. Мұның өзі экономиканы әртараптандыру және ұлттың әл-ауқатының өсуін қамтамасыз ету мақсатында бизнес, қоғам және мемлекеттің ресурстары мен мүмкіндіктерін экономикалық айналымға неғұрлым кеңінен тартуға жол ашар еді”, – деді Азат Перуашев.
Еске салсақ, бұған дейін теңгенің ұлттық валюта ретіндегі мәртебесін жаңа Конституцияда бекіту ұсынылған еді.